Шымкентті қақ жарып, қаланың ішін бойлай ағып жатқан «Қошқар ата» өзенінің денсаулыққа тигізер пайдасы мол.
Әсіресе буыны ауырып, балтыры сыздағандар мен сүйек, ас қорыту мүшесі мазалағандарға бұлақтың суы таптырмас ем. Сондықтан болар, бұл жерде жылдың төрт мезгілінде де адам аяғы үзілмейді.
Ал жаздың аптап ыстығында ине шаншар бос орын болмайды.
Әлемде қаланың дәл ортасынан бастау алатын өзендер өте сирек кездеседі. Соның бірі осы – «Қошқар ата» өзені. Қаланың ылғалдылығын сақтап қана қоймай, тосқауылға тап болмаса 600 гектарға жуық жердi суландыруға қабiлеттi.
Бұдан біраз жыл бұрын «Қошқар ата» өзенінің айналасы күл-қоқысқа толып, үй-күйсіз жүргендер мен маскүнемдердің тұрақты орынға айнаған еді. Сондай-ақ, өзеннің айналасына орын тепкен тұрғындар қоқыс қалдықтары мен шайынды суларын өзенге төгетін.
Қазір «Қошқар ата» өзені қала тұрғындары мен қонақтарының жиі баратын, әдемі демалыс аймағына айналған. Қайта жаңғырту жұмыстары барысында киім ауыстыру орындары мен орындықтар қойылды. Адамдарға суға түсуге ыңғайлы болу үшін өзеннің сағасын тастармен бекітілді. Көпірлер орнатылды. Тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қошқар ата» өзеніне күзетші мен учаскелік полицей бөлінді. Сондай-ақ, спортты жаны сүйетіндер үшін арнайы жаттығу алаңшасы да салынды.
Қазір қала тұрғындарының сүйікті орындарының бірі — Қошқар ата өзенінің жағалауы абаттандырылуда. Бүгін қала әкімі М. Әйтенов 1,8 шақырымды құрайтын аумақта атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарын тексерді деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Нысан құрылысын «Стронг Сервис» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Жобаға сәйкес абаттандыру аймағында қоршаулар озық үлгіде жаңаланып, күркелер мен әткеншектер және балалар ойын алаңшалары салынады. Осылайша демалушыларға заманауи талапқа сай қолайлы жағдайлар жасалады.
М. Дүйсенбекұлы аумақтағы жарықтандыру жүйелерін демалушылар үшін ыңғайлы етіп, қоқыс жәшіктерін ұлғайту қажеттігін ескертті. Тұрғындарға қосымша бассейн орнату бойынша тапсырма берді. Абаттандыру жұмыстары өндірістік кестеге сай биыл қазан айында аяқталады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі