Халықтың әл-ауқатын жақсартуда жұмыспен қамту аса маңызды мәселе. Биыл Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша 23 420 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңға Ұлттық жобалар мен жеке бастама негізінде 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Жыл соңынан дейін жалпы 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Оның ішінде, кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделіп, бүгінгі таңға 22 мыңнан астам азамат қамтылған.
Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасында кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту қарастырылған. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша биылғы жылдың 6 айында 6 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылған.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласында 2023 жылғы I тоқсанда жұмыссыздар саны 21940 адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшінің санына 4,9%-ды құрады.
Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2023 жылғы маусым соңына 10610 адамды құрады немесе жұмыс күшінің санына 2,4% болып қалыптасты.
2023 жылғы I тоқсанда қызметкерлерге (кәсіпкерлікпен айналысатын шағын кәсіпорындардың жұмыскерлерін қоспағанда) есептелген орташа атаулы жалақы 254202 теңгені құрады. Өсім 2022 жылғы I тоқсанға 17,2% құрады. Нақты жалақы индексі 2023 жылғы I тоқсанда 98,3% болып қалыптасты.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі