Қазақстанда осыдан 30 жыл бұрын көлік қозғалысы соншалықты қарқынды емес еді. Статистикалық деректер 1991 жылы елімізде 1 миллион 200 мың жеңіл автокөлік болғанын көрсетеді.
Ал, автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 96 500 шақырымды құраған. Иә, 30 жылдың ішінде елімізде халықаралық көлік дәліздерінен бастап, елді мекендердің ішкі орам жолдарына дейін жолдар жаңартылды.
Кейбір деректер 27 мың шақырым жолдың құрылысы жүргенін көрсетеді. Осының арқасында жолдардың едәуір бөлігінің сапасы артып, халықаралық талаптарға сәйкестендірілгенін жоққа шығара алмаймыз.
Алайда, Қазақстандағы жолдардың жалпы ұзындығы 96,5 мың күйінде сақталып, өзгеріссіз қалып отыр. Есесіне осы уақыт аралығында елдегі жеңіл автокөліктердің саны 4 есе көбейген. Яғни, бүгінде Қазақстан жолдарында 4 миллион 800 мың темір тұлпар жүйіткіп жүр.
Мамандар еліміздің ірі қалаларындағы қиылыстағы көлік қозғалысының жиілік көрсеткіші 30 жылдың ішінде 0.4-тен (еркін қозғалыс) 0.95-ке дейін өскенін айтады. Осылайша отандастарымыз кептеліс дейтін ұғыммен таныс бола бастады.
Шымкент қаласы маңындағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – Оңтүстік айналма жолы. Ұзындығы 16 шақырымды құрайтын айналма жол барлық транзиттік көліктерді қала сыртымен жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, қоршаған ортаға келетін залалды азайтады. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.
Айналма жолдың құрылысы Ленгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды. Жоба бойынша көшенің ені 9 метрді құрайды. Бүгінде Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі дайындалған. Жол құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып отыр. Нысан өндірістік кестеге сәйкес жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі