Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың қысқы маусымға дайындығын пысықтады. Алдымен Қаратау ауданы аумағының тазалығына жауапты «Жасыл жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасына барған Мұрат Дүйсенбекұлы қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына арналған техникаларды арнайы шолып өтті.
Нақты айтсақ, қысқы маусымға қазір әр ауданнан 80-ге жуық техника әзір тұр. Сонымен қатар қала аумағындағы 5 аудан бойынша қар күреудің ситуациялық сызбасы әзірленген.
Нысан басында қала әкімі тиісті басқарма мен мердігер мекемелердің басшыларына көктайғақтың алдын алатын шараларға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Әрі қарай техникалық базаны қосымша техникалармен күшейту, шұғыл қар күрейтін, құм шашатын көліктердің қызметі талапқа сай болу қажеттігін қатаң ескертіп өтті.
Мұнан соң қала әкімі Абай ауданындағы «КазСтройКапитал» ЖШС-інің базасымен де танысты. Әр ауданға қойылатын талап ортақ. Ең бірінші қысқы техникалардың ауа-райының кез келген төтенше жағдайларына сақадай сай тұруы. Сондықтан дайындық жұмыстары әрі қарай да жалғасатын болады.
Қаратау ауданына 28-ден астам елді мекендер мен шағын аудандар енгізілген. Қаратау ауданы «Азат», «Ақжайық», «Асар», «Бозарық», «Достық». «Достық-2». «Қайнар бұлақ». «Қайтпас», «Қызылсай», «Мәртөбе», «Мирас» (жартылай), «Нұрсәт», «Нұртас», «Орманшы», «Өтеміс», «Сайрам», «Тәжірибе бекеті», «Таскен», «Тассай», «Тұран», «Шапырашты» шағын аудандары мен тұрғын алаптарын біріктірді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі