ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлының кезекті кездесуі Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығында өтті.
Кездесуге «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Б.Төлегенов, Әл-Фараби ауданының әкімі Р.Мыңбаев, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Б.Ержаппар, полиция департаментінің басшылық құрамы мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполис тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі басты назарды талап етеді. Шымкент қаласында қылмыс деңгейі мен төтенше жағдайлар қауіпін төмендету бойынша ауқымды шаралар атқарылуда. Осы орайда, «Қауіпсіз қала» бағдарламасы қолға алынған. Бұл бағдарлама ең алдымен қаланың орталық көшелерінде жүзеге асырылып, кейіннен елді мекендер мен ішкі орамдық жолдарда жалғасын тапты. Қоғамдық тәртіп пен көлік қозғалысын реттеуде бейнебақылау камераларының көмегі айтарлықтай нәтиже көрсетіп келеді.
Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығына жалпы 11 211 бейнебақылау камерасы біріктірілген. Қаланың көше қиылыстары мен тұрғын үйлердің аулаларына орнатылған бейнебақылау камералары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркеуге көмектеседі. «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы аясында 186 мемлекеттік және жекеменшік мектептерде 3318 бейнебақылау камерасы орнатылса, «Қауіпсіз аула» қағидасы бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның 2 430 бейнебақылау камерасы ҚПД ЖБО-на біріктірілді. Сонымен қатар, жерасты өткелерінде, денсаулық сақтау нысандарында, сауда орталықтары, базарлар және дүкендерде 262 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. 2023 жылдың 7 айында бейнебақылау камераның көмегімен 293 қылмыс ашылып, 33 602 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған екен.