Қазақстан Үкіметі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына 600 миллиард теңге бөліп отыр. Бұл бағдарлама аясында жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, құрылыс материалдары және агроөнеркәсіптік кешен саласына жергілікті кәсіпкерлеріміз жеңілдетілген несие алуларына болады.
Жалпы, 600 миллиард теңгенің 400 миллиардқа жуығы өңдеу өнеркәсібі мен сервиске, қалған қаржы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен өндіруге жұмсалмақ. Бағдарламада 15 пайыздан аспайтын мөлшерлемеде несие беру тетігі қарастырылған, оның 8 пайызын кәсіпкердің өзі төлесе, қалған 7 пайыз жеті жылға дейін мемлекет тарапынан субсидия ретінде таратылады. Жеңілдетілген несие бағдарламаға Түркістан облысының кәсіпкерлері қызығушылық танытып отыр. Жоспарлар құрылып жатыр.
Мысалы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына өңір бойынша жалпы несие сомасы 70 822 млн. теңгені құрайтын 207 жоба мақұлданып отыр.
Оның ішінде жалпы құны 30 531 млн. теңге болатын 26 жоба екінші деңгейлі банктердің қарауында болса, 9 129 млн. теңгеге 6 жоба банктер тарапынан мақұлданып, қаржыландырылды.
Негізгі мақсат өңір кәсіпкерлерінің бағдарламаға қатысуға ниеті мен белсенділіктерін арттыру болмақ. Соңғы 2 апта мерзімде бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген кәсіпкерлер жобаларының саны қосымша тағы 52 жобаға (20 961 млн. теңге) көбеген екен.
Салалар кесіндісінде басым жобалардың көпшілігі агроөнеркәсіптік кешенінде жүзеге асырылуда. Осы ретте бағдарлама шеңберінде агроөнеркәсіптегі басым жобалардың тізіміне қосымша 21 қызмет түрін енгізу мен «Аграрлық несие корпорациясы» қаржы институтын осыған қатыстыру өңір кәсіпкерлері үшін үлкен қолдау болмақ.
«Қарапайым заттар экономикасын» облыста қолға алу, кәсіпкерлік субъектілерін бағдарламаға жаппай қатыстыру жұмыстары жергілікті әкімдіктің тікелей бақылауында.
«Түркістандық кәсіпкерлер қазірден бастап екінші деңгейлі банктерге жылдық мөлшерлемесі 8 пайыз, мерзімі 7 жылды құрайтын жеңілдетілген несиеге өтінім бере алады. Мемлекет ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібін дамытуға 600 миллиард теңге бөлді. Біз кәсіпкерлерге бизнесті қолдау шараларының шарттарын түсіндіріп, банктердің не үшін несие беруден бас тартуының себебін анықтап, құжат ресімдеу жұмыстарына мониторинг жүргізіп отырамыз» дейді Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Әбсаттаров.