Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысында атқарылған жұмыстар мен өзекті проблемалар қаралды. Бүгінде еліміздің жастарына үлкен қолдау көрсетіп отырған Президент тапсырмасы шеңберінде қалада осы санатқа кіретін азаматтардың жан-жақты дамуына, білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына тиісті көмектер көрсетілуде.
—Қазір қала аумағында бұл санатқа кіретін азаматтар саны – 363 мыңға жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық жоба аясында биылдан бастап жастарға жеңілдікпен шағын несие беру қолға алынды. Енді 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Осы бағытта қала бюджетінен 261 жасқа шағын несие беру жоспарда бар. Бұл – кәсіпкерлікпен, тауар өндірумен, сатумен, қызметтер көрсетумен, өнім өндірумен айналысқысы келетін жастарға берілген үлкен қолдау.
Жас буынды баспанамен қамту шаралары да нәтижесін беруде. Тіпті кезінде білім ала алмай қалған жастарға жан-жақты көмектер көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, жас буынның болашағын құруға барлық мүмкіндіктер қарастырылған, — деді қала әкімі.
Кеңестің қорытындысында түрлі саладағы озат жастар арнайы марапатталып, сый-құрметке бөленді. Қала әкімі қоғамның қозғаушы күші – жастарды мегаполистің дамуына атсалысуға, мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалана отырып, жаңаша, тың жобаларды жүзеге асыруға шақырды.