Биыл Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы аумағындағы 39 аулаға балалар ойын алаңшасын және ашық спорт алаңшасын орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта жыл басынан бері 24 балалар ойын алаңшасының жұмыстары тәмамдалып, ел игілігіне пайдалануға беруге дайын.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданындағы Володарский көшесі №2А тұрғын үйінің ауласына барып, тұрғындармен кездесті. Су жаңа спорт алаңшасы салынғалы тұрғындардың да көңіл-күйлері көтеріңкі. Мегаполис басшысы жергілікті халықпен жүздесу барысында спорт алаңшаларын күтіп ұстауға кеңес беріп, бұл нысан елдің ортақ игілігі екенін ұғындырып өтті. Спорт алаңшалары сапаға сәйкес заманауи үлгіде, балалардың шаттана ойын ойнауына қолайлы етіп жасалған.
Әл-Фараби ауданы Шымкенттің халқы ең тығыз орналасқан тарихи орталық ауданы саналады. Мұнда қаланың маңызды білім, әкімшілік, тарихи, мәдени және ойын-сауық орталықтары орналасқан.
Аудан территориясында 2 мемлекеттік жоғары оқу орындары, қалалық және аудандық әкімдіктер, Шымкент көне қалажұрты, “Ескі қала”, филармония, А.С.Пушкин атындағы кітапхана, “Қиял әлемі” саябағы, “Тәуелсіздік” саябағы, “Кең баба” этносаябағы, Әл-Фараби және Ордабасы алаңдары, ОӘД, «MEGA Shymkent» ОСО, 5 жұлдызды «Rixos» қонақүйі, Қошқар ата өзені жағалауы орналасқан.
Сондай-ақ, ауданда қаладағы алғыз темір жол вокзалы, 20 ұлттық мәдени орталықтары және 15 діни бірлестіктер, 18 өндіріс ошақтары, 30 мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар орналасқан.
Әл-Фараби ауданында Шымкенттің ірі магистралдары қиылысады. Шығыстан батысқа қарай Тәуке хан даңғылы, Түркістан көшесі, Ғ.Ильяев, Т.Рысқұлов көшелері, оңтүстіктен солтүстікке қарай Д.Қонаев даңғылы, А.Байтұрсынов, Қазыбек би, көшелері көсіліп жатыр.
Аудан аумағынан Еңбекші мен Әл-Фараби аудандарының шекарасынан бастау алатын Қошқар ата өзені ағып өтеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі