«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдама» аясында Шымкент қаласында биылғы жылдың тамыз айынан бастап 15 көппәтерлі тұрғын үйге модернизация жұмыстары басталған болатын.

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Жангельдин көшесі №16 бес қабатты тұрғын үйдің сыртқы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта бұл тұрғын үйдің шатыры ауыстырылып, жертөле, сыртқы қасбеті жаңарған. Қазіргі уақытта шатыр ауыстыру жұмыстарының 80% дайын. Ал ішкі кіре беріс подъезінің 20% әрлеу жұмыстары жүргізілген. Тозығы жеткен бұл үйдің жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін бітіру жоспарлануда.

Сондай-ақ, мұнан бөлек қаладағы дәл осындай күрделі жөндеу жұмыстары Күншығыс шағын ауданындағы №11,14,1 және Спорттық шағын ауданы №10, Дулати көшесі №205, Әл-Фараби көшесі №21, Асқаров көшесі №32, Республика даңғылы №26, 36А тұрғын үйлерінде де қарқынды жұмыс қолға алынған. Бұл үйлердің барлығының шатыры толығымен ауыстырылып, ал Ильяев көшесі №113/5, Әл-Фараби көшесі №21 тұрғын үйлерінің қасбеттері заманауи құрылыс материалдарымен көркемделмек. Сонымен қатар кіреберіс, канализация және су құбырларын қайта жабдықтау көзделген.

Айта кету керек, көппәтерлі тұрғын үйлердегі жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқталмақ. Жалпы 2022 жылы қаладағы 60 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өтті.
Ескерте кетейік, модернизация бойынша күрделі жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің 70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарына жазған өтінішіне сәйкес қайтарымды қаржы негізінде жүргізіледі.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.