Fудан әкімі Бақыт Асанов ауыл шаруашылығы бойынша іске асырылған құны 150 миллион теңгені құрайтын 6 жобаның жұмыс барысымен танысып қайтты — деп, хабарлайды «q-content» ақпарат порталы.
Халықты жұмыспен қамту үшін алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, құны 1 миллиард теңгеден астам 26 жоба аудан әкімдігі ұсынып отыр. Жобалар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылған. Барлық жоба «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Мақтаарал аудандық филиалының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Алты жоба іске қосылып үлгерді.
Мақтарал ауылдық округінде орналасқан «Хамро ата» шаруа қожалығының төрағасы Абдужалил Боев 5 гектар жерге алма бағын өсіріп отыр. Сондай-ақ, «Вита фреш» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Равиль Хасанов 6,6 гектарға, «Весна» шаруа қожалығының басшысы Батыр Хайдаров 5 гектар жерге және «Отан ана» шаруа қожалығының басшысы Данияр Ажикабулов 7 гектар жерге пленка астында егу технологиясын қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу әдісін ендірген. Ал, «Сракулова» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Айгул Сракулова 2600 бас қаз бақса, «Хасан» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Хасан Алланазаров 50 бастық мал бордақылау алаңын іске қосты.
Жүзеге асырылған жобалардың барлығымен танысып шыққан аудан басшысы ашылған кәсіпті әрі қарай өркендетіп, қосымша жұмыс орындарын ашу керектігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, халықтың әлеуетін көтеретін осындай жобаларды көбейту үшін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына арнайы тапсырма берді.
Ауыл шаруашылығы саласында іске асырылған жобалармен танысып болған аудан әкімі Б.Асанов келесі кезекті ПУИД-2 жобасының І кезеңі бойынша жасалып жатқан жұмыстарды шолып шықты.
Жобаның І кезеңі бойынша құрылыс жүргізу үшін әзербайжандық «Акилик Груп» компаниясы 10,086 миллиард теңгені жеңіп алған. Компанияның директоры Илхам Мамедов, ал жоба жетекшісі Павел Грасмик. Жалпы, құрылыс жұмыстары 30 айға жоспарланған.