Шымкент қалалық Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ елдімекенінде 60 мыңнан аса халық қоныстанған. Қазір аталған елдімекенде бірнеше инфрақұрылым жүйесі қатарынан тартылуда.
Тұрғындар биыл электр желісімен қамтылып, сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Жыл соңына дейін елдімекенге ауыз су құбырлары тартылып, жергілікті тұрғындар сапалы тіршілік нәріне қол жеткізеді. Сондай-ақ көшелерге табиғи газ құбырлары жүргізілуде. Нысан келесі жылға өтпелі. Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 6,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде өткен жылы 2,9 миллиард теңге игерілген болса, биылғы жылға 3,8 миллиард теңге бөлініп отыр.
Бүгінде Қайнарбұлақ елдімекенін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге 2 кезеңде атқарылып жатқан құрылыс қарқынын қадағалады.
Бірінші кезеңде елдімекенге 233,4 шақырым құбыр тартылады. Қазір газ жүйелерінің 59%-ы жүргізілген. Өндірістік кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталады. Нәтижесінде 7 мыңнан астам абонент, 2 мектеп, 2 клиника және балабақша көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.
Екінші кезеңдегі 206,7 шақырым
газ құбыры 7 217 отбасын,
9 мектеп, 3 клиника, 5 балабақшаны қамтиды.
Аяқталу мерзімі — келесі жылдың ІII тоқсаны.
Осыған дейін жұмыс көлемінің 46%-ы орындалған.
Қала басшысы жауаптыларға халықтың қауіпсіздігі үшін құрылыс талаптарын сақтауды ескертті. Сондай-ақ жұмыстарды сапалы аяқтап, мерзімінде атқаруды тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі