Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Сайрам тұрғын алабындағы 3 кезең бойынша жүргізіліп жатқан сапалы ауыз су құбырының құрылыс барысын тексерді.
Қазіргі таңда аталған құрылыстың екі кезеңі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Екі кезеңде 99,5 шақырым ауыз су құбыры тартылуы қажет. Бүгінде жұмыстың 83 пайызы аяқталған. Құрылыс жұмыстары біткен соң, 6 860 абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Жалпы, ауыз су жүйелерінің ұзындығы 100,9 шақырымды құрайды. Үшінші кезең аяқталғаннан кейін 10 965 абонент ауыз су жүйесіне қосылады. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін толық бітіру жоспарланған.
Құрылысты «Мелиоратор» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Қала басшысы жауаптыларға құрылысты сапалы аяқтап, мерзімінде атқару бойынша тапсырма жүктеді.
Қалада осы жылы сапалы ауыз сумен толық қамту мақсатында 6 нысанда су құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асуда. Нәтижесінде, 2023 жыл қорытындысында 72 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, көрсеткіш 98,5%-дан 100%-ға жетеді.
Еске сала кету керек, Шымкент қаласындағы «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС жеке су арнасының қадағалаушы кеңесінің төрағасы А. Орман халықаралық қаржы ұйымдары салған инвестициялардың нәтижесінде азаматтарға ұсынылатын қызметтердің сапасы артқанын айтты. 2010 жылдан бастап 2 МВТ бойынша күн және су қуаты станциялары салынып, пайдалануға берілді, 947 шақырым сумен жабдықтау желісі және 67 шақырым кәріз желісі реконструкцияланды. Цифрлық технологияларды қолдану арқылы ауыз суды өндіру және тасымалдау тәсілдері жаңғыртылды. Бүгінде тазарту нысандары автоматты режимде басқарылады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі