Футболдан 2023 жылғы Қазақстан Республикасының Чемпионы «Ордабасы» клубының ойыншыларын салтанатты марапаттау іс-шарасы өтті. Өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанған команданың ойыншылары мен бапкерлерін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков марапаттап, алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тіледі.
Қала әкімі бұл жеңіс клубтың ғана емес футбол жанкүйерлерінің, жалпы қала тұрғындарының ортақ жеңісі екенін атап өтті.
—Бұл қаламыз үшін тарихи, маңызды жеңіс болып саналады. Осы жеңіс арқылы командамыз Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарының жолдамасына ие болып отыр. “Ордабасының” әр ойынында стадионға жанкүйерлер лық толады. Бұл — қала тұрғындарының футболға қызығушылығының артқанының белгісі. Осы жеңіске қала тұрғындары жанкүйер ретінде зор қолдау көрсетті. Сондай-ақ, жергілікті команда екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы кубогының финалына шығып отыр. Алдағы футбол ойындарында жерлестерімізге жеңіс, сәттілік серік болсын деп тілейміз, — деді қала әкімі.
Жеңімпаз команда ойыншылары мен бапкерлер қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапаттау жиынында Ғ.Сыздықбеков қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес, шаһарда футболға арналған стадион салу көзделгенін атап өтті. Оған арнайы жер де бөлінген.
Айта кетсек, «Ордабасы» 2024 жылы УЕФА чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды.
«Шымкент келбеті»