Бүгін қала әкімі Маятас тұрғын алабындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір мәселесімен танысты деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Аспалы көпір 1985 жылы салынған. Тұрғындар тарапынан 2014 жылы жартылай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде тозығы жетіп, қайта қалпына келтіруді қажет етіп тұр.
Жағдайды бақылаған қала әкімі жауаптыларға заманауи үлгіде көпір салуға тапсырма берді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын келесі жылдың 1-жартыжылдығына дейін аяқтауды жүктеді. Оған қоса, Қ.Нысанбайұлы көшесі бұрылысынан көпірге дейінгі тас жолды жөндеп беруді тапсырды.
Бадам өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінде күніне шамамен 150-200 адам қатынайды. Ұзындығы 120 метр, ені 1 метрді құрайды.
Бадам өзені Шымкенттен 70 шақырымдай жерде, Қаржантау жотасынан бастау алып, Түркістан облысының Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарының аумақтарында ағады. Ұзындығы 141 шақырым.
Еске сала кетейік, бүгінде бас жоспарға сай салынып жатқан Қонаев даңғылының жалғасында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұл құрылыс Бадам көпірінен оңтүстік бағытқа қарай 4,7 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 2,8-4,7 шақырымдар аралығында жол негіздері салынып, асфальтобетон жабындысының төменгі қабаты жүргізілген. Сонымен қатар, мұнда инженерлік желілер жобаға сәйкес қайта орнатылды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі