Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесуін Бекзат мөлтек ауданынан бастады. Қала әкімі Рашид Аюпов қаланы дамыту жөніндегі жоспарларымен таныстырып, Түркістанды бірлесе отырып көркейтуге ат салысу керектігін айтты.
Тұрғындар әкімге өздерін толғандырған мәселелер туралы айтып, қаланы жақсарту жөнінде тілектерін білдірді. Негізгі мәселелер аурухана, мектеп құрылысы, қоқыс шығару және жолдарды жөндеу бойынша болды.
«Түркістан — Түркі әлемінің астанасы, облыс орталығы, туристерді тарту орталығы. Бұл дегеніміз, біз енді бұрынғыдай өмір сүре алмаймыз дегенді білдіреді. Сананы өзгерту керек. Қалаға өз үйіміз ретінде қарайық, бір-біріңізге және туристерге мейірімді болыңыздар. Бұл өмірді қалай сүріп, артымызда қандай із қалдыру – бұл өз таңдауымыз», — деді Р. Аюпов.
Еске салсақ, 3 шілде күні Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің өкімімен Түркістан облысы Түркістан қаласының әкімі болып РАШИД АБАТҰЛЫ АЮПОВ тағайындалған болатын. Рашид Абатұлы 1981 жылы 4 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында туған, қазақ, білімі жоғары. Шымкент университеті, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті мен Академиялық инновациялық университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі – информатика бакалавры, мемлекеттік басқару бакалавры, заңгер. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританияда Патшайым Марияның Лондон университетін (Queen Mary University of London) аяқтаған, мемлекеттік басқару магистрі.