Қазақстан ДДҰ мен ЮНЭЙДС хаттамалары мен ұсынымдарын орындай отырып, АИТВ-мен күреске белсенді қатысады. Сондай-ақ, ел АИТВ-ға байланысты стигма мен кемсітушілікті жою бойынша Жаһандық әріптестікке қосылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда АИТВ-мен ауыратын 31 мыңнан астам адам тұрады, бұл ретте берілудің негізгі жолы 74% жағдайда жыныстық қатынас болып табылады. Соңғы жылдары ЖИТС-тан өлім-жітім 100 мың халыққа шаққанда 2018 жылғы 1,4-тен 2022 жылы 0,9-ға дейін төмендеді. Соңғы 12 жылда антиретровирустық терапиямен қамту 19 есе өсті және 2022 жылы АИТВ-статусын білетін адамдардың 84%-ы емделді. АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 87%-ында вирустық жүктеме басылады, яғни олар вирусты бере алмайды.
Жастар ресурстық орталығы мен Шымкент қаласының ДСБ «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық» МКҚК-нің бірлескен жоспарына сәйкес, Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығында «Өз АИТВ статусыңды біл!» тақырыбында жастар арасында науқан өтті.
Науқан барысында спикер АИТВ\ЖИТС жұқпасының залалы мен таралу жолын түсіндіріп, қауіпті дерттен аулақ болуға шақырды.
Жастар түсіндірме жұмыстарынан кейін қатерлі дерттің алдын алатын АИТВ инфекциясын анықтайтын экспресс тест тапсырды.
АИТВ-инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру нәтижесінде пайда болатын баяу үдемелі дамитын жұқпалы ауру. Ауру адамның иммундық жүйесіне әсер етеді, нәтижесінде ағза әртүрлі инфекцияларға (бұрын ауруды тудыруы мүмкін емес (оппортунистік инфекциялар – бактериялық пневмония, адам папилломавирусы, кандидоз, герпес зостері және т.б.)) және қатерлі ісіктерге өте сезімтал болады, нәтижесінде науқасты өлімге әкеледі. ЖИТС (жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы) – аурудың соңғы немесе терминалды сатысы.
Инфекция көзі – вирус жұқтырған адам, вирус тасымалдаушы немесе ЖИТС-пен ауыратын адам. Вирус тасымалдаушылар көбінесе жұқтырғанын білмей, өздерін сау деп санайды, өйткені оларда бірнеше жыл бойы ауру белгілері болмауы мүмкін.