Шымкентте жұмыссыздықты төмендету мақсатында азаматтарды еңбекпен қамту шаралары қарқынды жүргізілуде. Шымкент қаласында 2024 жылы 56,9 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланды. Жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 12,2 мың адам қатысып, жоспар 22%-ға орындалды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Халықты жұмыспен қамту шараларына тарту және өтеусіз гранттар беру тәртібі туралы» тақырыбында өткен баспасөз брифингінде баяндалды.
Әлеуметтік саланың мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әл-ауқатын арттыру.
Нарықтағы сұраныс ескеріліп, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шаралары да жүзеге асырылуда. Бұл тек жұмыссыздарды азайтып қоймай, отандық өндірісті қолдауға мүмкіндік береді. Кәсіптік оқыту курстарына 18 жастан зейнет жасына дейінгі Шымкент қаласының жұмыссыз азаматтары қатысады.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 7 453 адамды қамту жоспарланып, жыл басынан бері нақты 4 288 адам жолданған.
2023 жылдан бастап жастарға жеңілдетілген көлемде 2,5% шағын несие берілуде. Биыл 273 адамға 1365,0 млн теңге бөлініп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Шымкент қаласы әкімдігінің арасында келісімшарт түзілуде.
– Жұмыссыздық деңгейін төмендетудің жолы – азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, жаңа бизнес идеяларды іске асыру. Осы бағытта қайтарымсыз гранттар берілетіні белгілі. Оны әлеуметтік осал топтар алады. Гранттар бір рет және нысаналы мақсаттарға беріледі. Грант қаражатын тұтынушылық мақсатта, кредиттік қарыздарды өтеу, үй, жер учаскелерін сатып алуға жұмсауға болмайды. – дейді Жанат Өтебаева.
Биыл грант екі лекте: сәуір, маусым айларында беріледі. Бір жылда 426 адамға беру жоспарланған. Бірінші лек өтінімдері 8 – 18 сәуір аралығында қабылданады.
Грант алушының қаражатты мақсатына пайдалануы бойынша еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады. Қаражат мақсатсыз жұмсалған жағдайда толық қайтарылады. Тексеру нәтижесінде өткен жылы грант алған 452 азаматтың 131-і ақшаны кері қайтарып жатыр. 97 адамның ісі сотқа өткен.
«Шымкент келбеті»