Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келуші қонақтарға жергілікті кәсіпкер Ілесбек Арынов 5 тонна қарбызды тегін таратты, деп хабарлайды q-content.kz ақпараттық порталының тілшісі музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл игі істің жалғасын тауып жатар.
Өңіріміздің шаруаларының еңбекқорлығы басты байлықтарымыздың бірі деп айтуға болады. Жылда қауын-қарбыз өсіріп, егін шаруашылығы арқылы несібесін терген еңбекқор диқаншылардың еңбектері жана берсін дейміз. Биылғы өнімінің алғашқысын қасиетті орталық Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілерге ұсынудан бастауды жөн санағандары да құптарлық.
— «Қазақта «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөз бар. Несібеміз де, берекеміз де бір Алланың бергені. Түркістанға шөліркей жеткен, бабалар рухына тағзым етуге келген жандардың ақ батасын алып, егістік алқабының әрбір піскен өнімін алғыспен жұлсақ, шын еңбегіміздің ақталғаны. Түркістанымыз облыс орталығы атанып, гүлденуде. Туған жерімізге келген қонақтарға қуаныш сыйлауға азаматтық үлесімді қосқым келді. Бұл ұсынысымды «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі ұжымы да қуана құп алды», — деді Ілесбек Арынов.
Өңіріміздің жаны жомарт азаматтарының бірі Ілесбек Арынов 2017 жылы да дәл осындай игілікті іс жасап, қасиетті мекенге жазғы ыстықта жеткен келушілердің ықыласына бөленгені әлі халық есінде.