Түркістан қаласына белгілі фотокорреспондент «Тұран- Түркістан» теле арнасында оператор, қалалық «Түркістан» газетінде фотограф болып қызмет істеген, бүгінгі таңда облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметінде өзінің сүйікті мамандығы бойынша жемісті еңбек етіп жүрген, көпке танымал, өз ісінің маманы Антон Лещенкодай жайлы үзік сыр.
Ол үнемі аттың жалы, түйенің қомында жүреді. Түркістан облысында ол араламаған аймақ қалмаған шығар. Бүгін Қазығұртта жүрсе, ертең Мақтаралдан немесе Созақтан хабарласады. Сол өңірлерде болып жатқан оқиғаларды қас- қағым сәттік суретке түсіріп, жаңа Түркістанның, түлеген Түркістанның келбетін қаттайды.Ажырамас серігі- фотоаппаратының жанары ұстап қалған кадрлармен тарихи мұрағатты толықтырып жүргені.
Түркістан қаласының 1500-жылдық мерейтойы қарсаңында «Ачполиметалл» комбинатын ұзақ жылдар бойы басқарған іскер азамат Серікбай Мақұлбекұлы Бекбаев іргетасын қалаған » Тұран- Түркістан» теле арнасында қызмет етті.
Антонның анасы Түркістан қалалық салық комитетінде қызмет істейтін Ольга Ивановна Лещенкомен Түркістандықтар жақсы таниды.
Журналистер қауымының бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ. Сол кезеңдерде Ханжігіт Сыздық ағамыз басқаратын салық комитетінің жылт еткен жаңалығын түсіруші еді.
Анасы жүзі жарқын, үнемі күліп, жан- жағына шуақ шашып жүретін Ольга Ивановна еңбектің адамы еді. б
Анасы : «Мен баламның оператор болғанын қалаймын. Оған өзінің икемі бар»-, деп айтатын. Антонның көп ұзамай- ақ оператор мамандығын да игеріп, еңбек жолын бастады.
Ол университеттің сырттай бөлімінде ақпараттық технология саласында оқи жүріп, жұмысын жалғастыра берді. «Интерньюс- Казахстанда» өткен курстарда кәсіби білімін шыңдады. Өзінің бойында туа бітті қалыптасқан оқиғаның өзегін қағып алып, түсіре қоятын ерекше қасиеті де оператор мамандығының қыр- сырын тез игеруіне ықпал етті. Содан бері де талай су ақты. Талай жыл өтті. Жасөспірім, балаң Антон отызында орда бұзып, қырық атты қамалдың ауылына аяқ басты. Қол жеткен табысына, жеткен жетістігіне тоқмейілсімей ізденудің, білімін жетілдірудің нәтижесінде оператор , бейне ннженер, фотограф мамандығының қыр- сырын игерді. Қатарлас әріптестерінен оқ бойы озып алға шықты. Бүгінгі таңда қаншама әріптестері үлгі тұтып, Антонға қарап бой түзейтін дәрежеге жетті.
Ол түсірген әрбір кадр, әрбір сурет кәсіби деңгейімен ерекшеленеді. Түсірілген телехабарлар мен суреттерден көрермен мен оқырман Антонның қолтаңбасын тап басып танитын дәрежеге қол жеткізді. Суреттің сырын, сипатын ішкі жан- дүниесімен сезініп, шығармашылықпен жұмыс істеудің нәтижесінде еңбектері жоғары бағаланып келеді.
Өткен жолы облыс баспасөзінің қара шаңырағы» Оңтүстік Қазақстан» газеті «Ескірмейтін естелік»- атты тақырыбы да, мазмұны да керемет фото көрме өткізді. Оның тақырыбы айтып тұрғандай , былайғы жұрт аса мән бере қоймайтын суреттер тарихтан сыр шертер шежіре, өткен кезең жылнамасын арада қанша уақыт өтсе де сол кездегі қас- қағым сәтті айны- қатесіз, қаз- қалпында қалт жібермей көз алдыңа әкелетін қасиетімен бағалы.
Еңбектері аса елене бермейтін, тасада қалып қоятын, бейнеті көзге көрінбейтін теле операторлар мен фототілшілер мамандығының өзіне тән қиындығы мен ерекшелігіне төзе білген адам ғана шыдаса керек. Сондықтан да, баспасөз ақпарат құралдарының төл мерекесі қарсаңында Антон жайлы сыр шертудемін.
Антон Лещенко! Осы сайдың тасындай іріктелген керемет жігіттермен көпшіліктің көзайымына айналған, қоғамдағы көкейтесті мәселелерді қозғаған қаншама хабарлар жасадық. Түсірілім барысында небір қызық оқиғалар да болатын еді. Жастықтың аты жастық. Қаншалықты тығыз кестемен жұмыс істегеннің өзінде ойын- күлкі, жарасымды әзіл- қалжыңымыз қалмайтын. Бүгінгі әңгімем Антон туралы болғандықтан, ат басын соған қарай бұрайын. Түсірілімге шыққанда, Антонның ұлтына қарап, кейіпкерлеріміз орысша сөйлейді. Әсіресе, жасы келген кісілер қиналса да, Антонға орысша сөйлеп ойын түсіндірмек болып жатады. Сондайда, кейде «үндеме»- деп Антонға ымдаймыз. Табиғатынан сабырлы, онсыз да көп сөйлемейтін Антон камерасын орнатып болып:»Аға, сіз мына диванға отырып, камераға қарап сөйлеңіз» -, деп қазақша сөйлегенде, «Айналайын- ау, бағанадан бері қазақша түсінемін деп айтпайсың ба?-» деп шыр- пыры шығып қалады. Сап- сары орыс баласының қазақ тілінде тап- таза сөйлегеніне әрі сүйсінеді. Әрі таңданады.Оған сасатын Антон ба?
Хабардың жақсы шығуы, журналист пен диктордың өзін жайлы сезініп, өзін- өзі еркін ұстауы оператор, монтажёр, режиссёр, режиссёрдің ассистенті сияқты шығармашылық жұмыс тобының ауыз бірлігі мен ынтымағына, бір- бірімен тіл табысуына байланысты.Осы орайда да, Антонның сабырлы мінезінің маңызы арта түсетін сәттер көп еді. Өмір болған соң түрлі жағдай болады. әріптестерімнің шеберлігіне бас иемін.
Оның достыққа адалдығы, сөзге беріктігі өз алдына бір төбе. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»- деген мақалдың түбінде шындық бар. Бәрінен де, өмірдің қиын сәттеріндегі жақсылық естен әсте кетпейді.
Осындай ішкі жан- дүниесі таза, пенделік қулық- сұмдықтан ада, ақ көңіл, қанағатшыл ұл тәрбиелеп өсірген , салық саласы қызметінің ардагері Ольга Ивановна Лещенкоға рахмет! Антонның шығармашылық туындыларының бедерлі қолтаңбасы киелі қаламызда сайрап жатыр.