Алпыс жылдық тарихы бар Түркістан қалалық орталық ауруханасы- киелі шаһарымыздағы емдеу орындарының қара шаңырағы. Осы уақыт аралығында бұрынғы қала орталығындағы әуелі аудандық, кейіннен қалалық болған аурухана қаншама өзгерістерді, тарихи кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған адамның өміріне дәнекер болды. Қаншама білікті мамандар адам өмірін қорғау жолында білімі мен білігін сарп етті. Сондықтан да Сұлтанбек Қожанов көшесіндегі көне аурухана көзге ыстық, көңілге жақын. Бұрынғы көзкөргендер үшін бұл ғимараттың әрбір кірпіші сөйлеп тұрғандай. Дегенмен, алға басқан заман ағымына сай әрбір сала дамып, өркендеп келеді. Солардың қатарында Түркістан қалалық орталық ауруханасының жаңа ғимаратқа көшіп, модульді емдеу орнына айналып, жаңаша үлгіде жұмыс атқарып жатқанына да үш жылдың жүзі болды. Емдеу мекемесінің тек мекен- жайы жақсарып қана қойған жоқ, материалдық- техникалық базасы нығайып, жоғары емдеу технологияларына да қол жеткізілді. Бұрын Түркістан ғана емес, тіпті облыс аумағында да жасалмаған ем түрлері қолданысқа еніп, жергілікті халықты қуанышқа бөлеп отыр. Бұл туралы Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері, терапевт- профпатолог Берденов Бекзат Тұрғанәліұлы бізбен әңгімесінде қуана бөлісті:
«-Өте жоғары деңгейге көтерілді аурухана! Мақтансам болады. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына жасалып жатқан қамқорлықтардың, білімі ұлан- ғайыр білікті мамандардың, жұдырықтай жұмылған ұжымның арқасында керемет жетістіктерге жеттік. Осыдан біршама уақыт бұрын Түркістанда осындай жаңалықтар болады десе, сенер ме едік?! Не деген операциялар жасалып жатыр ?! Өзіңіз ойлаңызшы, құлағы мүлде естімейтін адамдарға есту қабілетін орнына келтіріп жатырмыз. Технология күннен- күнге дамып келе жатыр .Алла тағала біз арқылы беріп жатыр науқастарға. .Бұрынғыдай жылдап, айлап кезекке тұрып, республика деңгейінде портал күтпейді, бізге келіп емделеді. Аяғының буынын ауыстырады. Жүрекке операция жасайды. Жүрек қайтып соғып жұмыс істеп кетеді. Керемет емес пе?
— дейді бас дәрігер.Сырт көрінісі, жабдықталуы керемет емдеу орнын, мұнтаздай таза сырқаттар жатқан палаталарды, дәрігерлердің жұмыс кабинетін, соңғы үлгідегі медициналық жабдықтарды, орта және кіші буын медицина қызметкерлерінің мәдениетті қызметі мен ықылас- мейірімін көріп сүйсіндік. Егер өткен жылғы көрсеткіштердің есебіне қысқаша тоқталсақ, 2023- жылы мұнда 17084 сырқат тәуліктік стационар бойынша ем алған.Соның ішінде шұғыл жағдайда түскендері -8793 болса, жоспарлы түрде 10656 науқас дәрігер көмегіне жүгінген.Стационар алмастырушы, яғни күндізгі стационар бойынша 1789 сырқат емделсе, 307 науқас реабилитациялық, 172 сырқат паллиативті көмекке жүгінген.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Мархабайұлы Байдуалиев ұжыммен кездесу барысында қала тұрғындарына қолжетімді және сапалы стационарлық медициналық көмекті арттыру мәселесін алға қойған болатын.Мекеменің медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуіне де баса назар аударған еді.Біздің аурухана басшысымен әңгімеміз осы бағытта өрбіді.
-Бекзат Тұрғанәліұлы,-«Модульді аурухананың ашылғанына екі- үш жылдың жүзі болды.Сіздермен арнайы сұхбаттасудың сәті бүгін түсіп отыр.Жаңа үлгідегі ауруханада жаңа технологиямен жаңаша жұмыс істеп жатқан емдеу орнының бүгінгі тыныс- тіршілігін көріп шықтық. Құтты болсын! Сырт көрінісі, жабдықталуы керемет орындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын! Сіздердің жетістіктеріңіз, алған асу, бағындырған биіктеріңіз жөнінде кеңірек білгіміз келеді. Қандай жағдайда жұмыс істеп жатқандарыңызды таратып айтып берсеңіз?
-Қазіргі таңда көптеген іс- шара атқарылып жатыр. Бүгінгі таңдағы жұмысымызды денсаулық сақтау саласы басты назарда ұстап отырған » Жүз қадам» атты ұлттық жобаны негізге, басшылыққа алып, соның аясында көптеген жұмыстарды жүргізіп келеміз. Атап айтқанда, аурухананың міндетіне кіретін қызметтері бар . Тек Түркістан ғана емес, бірегей жақын жатқан аудандарды да қамтимыз. Жалпы айтқанда, үш жүз, төрт жүз мыңдай халыққа денсаулық сақтау саласындағы қызметтер көрсетеміз. Ол қандай қызмет? Жеке-жеке атап өтетін болсам, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызмет, стационарлық көмек, дәрігерге дейінгі көмек , консультативті-диагностикалық көмек, полиативті көмек түрлері бар. Сонымен қатар күндізгі стационар, травматологиялық пункт жұмыс істейді. Аурухана құрамында он бес бөлімше бар.Хирургиялық- терапиялық бөлімшелерде күніне жиырмадан отызға дейін ота жасалады. Жоспарлы түрде келетін науқастарға, шұғыл келетін науқастарға ота жасалады. Сондай- ақ, түрлі- түрлі технологияларды енгізіп жатырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз- бір орында тұрмау,ары қарай осы саланы дамыту . Осыған орай медицина саласындағы заманауи технологияларды енгіздік және ол өз жемісін беріп отыр. Арыға бармай-ақ, соңғы екі жылдың көлемін алатын болсақ,қарапайым тілмен айтқанда , республикалық деңгейдегі, жоғары технологиялық оталарды, арнайы мамандандырылған оталарды, бір сөзбен айтқанда, өңірлердегі оталардың түрлі саладағы барлық түрлерін жасап жатырмыз десем артық айтқандық емес. Мысалы жүрек саласын алайық. Бұл жобаны , яғни жүрек қызметін нақты жолға қойғанымызға алты ай болса, осы уақыт аралығында жүрекке бес жүзге жуық сәтті оталар жасалды.Құлақ- мұрын, оторинолорингология саласында құлаққа, мұрынға оталар жасап жатырмыз. Жоғары технологиялы оталар бар ішінде. Құлағы мүлдем естімейтін науқас құлағы естіп кеткенде , бала- шағасының үнін алғаш рет естігенде түрлі күйге түседі. Тірек-буын саласына да тоқталып өтейін. Тірек- буын аурулары, түрлі аурулардың салдарынан әсіресе, ковидтен кейін ұршықтың никрозы- тізе буыны, жамбас буыны аурулары жиілеп кетті. Бұл ауруларға ота жасауды жыл басында ғана қолға алдық. Ұзақ уақыт бойы жоспарлап жүргенбіз. Міне, осы сала бойынша жыл басынан бері он шақты адамның буынын ауыстырдық. Адамның буынын басқа буынға ауыстырамыз. Америкалық және қытайлық екі түрлі өндірушілер бар. Бәрі де сәтті шықты.Сондай- ақ жақ- бет хирургиясы бөлімінде көбінесе, балаларға ота жасалады Балаларда туа біткен түрлі паллиативті онамалиялар , яғни, туа біткен ақаулар , немесе сыртқы факторлардың әсерінен бет- сүйектері, жағы сынып, жарақат алған балалар бар. Осындай науқастарға пластикалық оталар жасаймыз. Әдетте айына он — жиырма ота жасалады. Сонда жылына қанша ота жасалатынын есептей беріңіз. Урология саласында да жетістігіміз көп. Несеп- зәр жүйесінде несеп- тас аурулары, туа біткен ақаулар да бар, стриктура, гидронефрозбен келген науқастарға стент қояды. Терапия бөлімінде емнің барлық түрлері бар.Офтальмологиялық, микрохирургиялық бөлімшелер де озық технологиямен жұмыс жүргізеді.Мұнда көзге ота жасалады. Линза қойылады.
Бүгінгі жеткен жетістіктерімізді бір сөзбен немесе бір сұхбаттың көлемінде жеткізу мүмкін емес. Ең бастысы, Түркістан халқы үшін денсаулық сақтау саласында бүгінгі таңда жасалып жатқан медициналық жетістіктер ұшан- теңіз. Бұрын республикаға, өзге де өңірлерге барып алатын көмекті таяқ тастам, қол созым жерде алудың маңызы зор. Біз соған қуанамыз. Адамдарға осындай қуаныш сыйлай алғанымызға қуанамыз.
-Бекзат Тұрғанәліұлы, енді осы заманауи медициналық технологияларға жан бітіретін де-мамандар. Сіздерде кадр мәселесі қалай шешілуде?
Ауруханамызда жалпы алты жүзге жуық адам жұмыс жасайды. Шамамен , оның 120-130- дәрігерлер. Дәрігер мамандарымыздың бәрі білікті.Олардың арасында келісім- шартпен сырттан келіп жұмыс жасап жатқан дәрігерлер де бар. Ең бастысы, бұл саланы дамытатын, ең басты біздің құндылығымыз, ең басты байлығымыз- ол маман кадрлар, соның ішінде дәрігерлердің алатын орны ерекше.Сондықтан дәрігерлерге жағдай жасалған. Қарапайым айлықтан бастап , басқа да тұрмыстық жағдайлар жасап отырмыз. Мәселен, жоғарыда айтып өткен жобаға байланысты бағларламамен келген төрт дәрігерімізді үймен қамтамасыз еттік. Жалпы менің принципім, жұмысты талап етпес бұрын қызметкерлерге әлеуметтік- тұрмыстық жағдай жасау керек. Сонда күнделікті тұрмысы жақсы қызметкер ештеңеге алаңдамай жақсы жұмыс істейді.
Мәселен, ол жалақы, болуы мүмкін.Қарым- қатынас болуы мүмкін. Психологиялық жағдайды бәрін байқап, агрессиялық түрлі факторлар болса,жойып, жақсы жұмыс істеуге жағдай жасағанда , нәтижесі де оң болмақ.
Жалпы бүгінгі таңда ауруханамызда еңбек етіп жүрген маман кадрларымыздың қай- қайсысы болсын өз ісіне шын берілген жандар. Өз істерінің маманы. Бұл өмірдегі басты байлық- адамдар денсаулығы. Біздің қолымызға ең қымбат — адам өмірі сеніп тапсырылып отыр. Сондықтан да әрбір дәрігер осы жауапкершілікті сезіне отырып жұмыс жасайды. Осындай таңдаулы дәрігерлеріміздің бірқатарын атап өтетін болсам, іскер, білікті орынбасарларым , тек облысқа ғана емес, біліктілігімен республикаға танымал өте мықты жетекші маман, құлақ- мұрын дәрігері Қонысова Гүлжан Абуталипқызы ,өз ісінің маманы , уролог- дәрігер , Абдиев Сапарали Адамбекұлы, Елеусизова Бахыт Қабланқызы,Астана қаласынан арнайы шақыртып алған ННМЦ жетекші интервент- хирург, интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Усманов Бекзат Мамаджанұлы, Қарағанды қаласынан келген хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Түймебаев Абай Амантайұлы, жақ- бет хирургі, жоғары санатты дәрігер Қанағат Қожамжаров,Шымкент қаласынан келген урология бөлімінің меңгерушісі Бердикулов Нұржан Тұрлыбекұлы,Алматы қаласынан келген ревматология бөлімінің меңгерушісі Исраилова Шахноза Хасаниддинқызы өз істерінің маманы. Қалалық ауруханада бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі дәрігерлер қатарында терапевт Камагүл Мәдиқызын, травматология бөлімінің меңгерушісі Жайлау Зұлқарнайұлын, невропатолог Халуа Тасболатқызын, инфекционист Мутабар Бекқызы Шерметованы , Бахтияр Анарбаевты бүкіл Түркістан халқы біледі. Міне, осындай білімді де білікті мамандарымызды халқымыздың нағыз денсаулық сақшылары дер едім.
Тағы бір айта кететін нәрсе, біз дәрігерлерімізді Түркия, Ресей, Израил мемлекеттерінің жетекші медициналық орталықтарында шеберлігін шыңдауға, кәсіби біліктілігін арттыруға жіберіп, өзара тәжірибе алмасып отырамыз. Түрлі тағылымдамалар, шеберлік сағаттарын өткіземіз. Оған білікті ғалым- мамандар шақырамыз. Үнемі ізденіс үстіндеміз.- дейді Бекзат Берденов.
Бас дәрігер орынбасары Сапарали Адамбекұлы Абдиевпен аурухананы аралау барысында емдеу орнының қызметі туралы алынған қосымша мәліметтерді сөйлетіп көрейін. Осы аз уақыт ішінде дәрігерлер қауымының қауырт, қарбалас жұмысының куәсі болдым. Шымкент қаласынан келген жоғары санатты уролог- дәрігер күнделікті жұмысын атқарып та, маған ақпарат беріп те үлгеріп жатты: Осы орайда да бас дәрігер Бекзат Тұрғаналиұлының маман кадрлары туралы айтқан пікірлері ойға оралды.
-Жалпы біздің аурухана тәуліктік, стационар алмастырушы көмек көрсетеді.Жоғары технологиялық , арнайы мамандандырылған , паллиативті көмек көрсетеді. Сонымен қатар, ақылы қызметтер бөлімі де бар. Ақылы ем алам деген тұрғындар болса, осында ем алады. Жалпы, жаңа басшымыз айтып өткендей, ауруханамызда он бес бөлімше жұмыс істейді.Оның ішінде хирургиялық бейін бойынша жеті бөлімше, терапиялық бейін бойынша сегіз бөлімше бар. Жаңадан ашылған он алты төсек орындық ревматологиялық, эндокринология, нефрология бөлімі терапия бөлімінің құрылымында жұмыс атқарады. Одан бөлек 2019- жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан жиырма төсек орындық инсульт орталығы жұмыс істейді. 2023- жылдың қаңтар айынан бастап жылжымалы ангиограф жүйесі іске қосылған. Ол жерде түрлі рентгенхирургиялық, эндоваскулярлық оталар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жаңа ота түрлері қосылды. Сондай- ақ, ортопедия , жақ- бет хирургиясы,ревматология, интервенционды- кардеология бөлімшесі ашылып жатыр.Осыған орай емдеу жүйесінің жаңа технологияларын меңгерген мамандар еліміздің түрлі мегаполистерінен, Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларынан келіп жұмыс істеп жатыр.Олардың негізгі мақсаты— Түркістанның денсаулық сақтау жүйесінің дәрежесін көтеру,тұрғындарды сандалтпау басқа мекемелерге жіберіп. Қазір барлық медициналық көмек түрін өзімізде көрсете аламыз.Аурухана 408- орындық-«,Міне, модульді , жаңа үлгідегі «Түркістан қалалық орталық ауруханасы» ШЖҚ МККҚ — емдеу орнында болған бір күнімізде осындай жаңалықтардың куәсі болдық. Біз мұнда атқарылып жатқан медицина саласындағы озық қызметтердің кейбірі туралы ғана аз- кем әңгіме қозғадық. Түркістандық дәрігерлеріміздің алар асуы, бағындырар биігі алда екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.Әйтпесе, өңіміз түгіл түсімізде есітіп көрмеген » диабеттік табан» синдромына аяқ тамырларының артериографиясы, баллонды ангиопластика отасы,жүректің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары пациенттерге отаның жоғары технологиялық- инновациялық әдісі, құлаққа кохлеарлық имплант орнату , тірек- буындарын ауыстыру жоғары технологиялық оталарын Түркістанда жасалады деп кім ойлаған! Міне, бүгінгі медицина жетістігі! ! Емі шипалы, қолы жеңіл дәрігерлер қауымының жетістігі! Иә, Түркістан қалалық орталық ауруханасы , шын мәнінде , жоғары деңгейге көтерілді!