Қиын жағдайға тап болған Арыс тұрғындарына тонналап азық-түліктер Алматы қаласынан да жеткізілді. 29 маусым кіні Алматы мешіттерідің ұйымдастыруымен төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстық ағайынға көмек ретінде «Арысқа жылу» қайырымдылық керуені Алматы Орталық мешітінен жолға шыққан еді. Аманат Арыстықтарға аман-есен жеткізілді.
Тамыз айының 1 күні Алматы Орталық мешітінің қызметкерлері мен еріктілер тобы қайырымдылық керуенін, Арыс қаласына дін-аман жеткізді.
Қайырымдылық керуенін бастап барған Алматы қалалық Орталық мешітінің наиб имамы Ашимов Қасым арыстық ағайынға ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек Керімбекұлы мен Алматы жұртшылығының ыстық сәлемін жеткізіп, аманатты иелеріне табыстады.
Арыс қаласының тұрғындарына бұзылмайтын азық-түлік, тұрмысқа қажетті киім-кешек, көрпе-төсек, гигиеналық заттар үлестірілсе, ал қайырымдылық науқанында жиналған қаржы тұрғындардың мұқтаждықтарын өтеу үшін табысталды.
Ел басына күн туғанда бір-біріне болысып, көмек қолын созған ұлтымыздың кең пейілі мен жомарттығы қашанда баршамызға үлгі-өнгеге болса екен деп тілейміз.
Сондай-ақ, Арыстағы апаттан зардап шеккен арыстықтарға бүкіл қазақстандық қол ұшын созып, гуманитарлық көмек көрсетуде. Бүгінгі таңда қоймаға 510 тонна тұрмыстық заттар, азық-түлік, киім-кешек өзге де заттар жиналса, соның 400-ден астамы гуманитарлық көмек ретінде халыққа беріледі.