«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери бөлімдерінде әскери ант беру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара Кеңес Одағының Батыры, № 1 Халық қаһарманы, тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асты.
Оңтүстік өңірде осы көктемде әскери қыщметке шақырылған екі мыңға жуық жас сарбаз туған Отанына адал болуға ант берді. Солардың қатарында Қазақстан Қарулы күштеріндегі бірден-бір тау қорықшысы полкінің мерзімді қызмет сарбаздары да әскери ант қабылдады.
Әріптестері мен командирлердің, сондай-ақ ата-аналарының қатысуымен өткен іс-шарада жас жауынгерлер Отанын қорғауға, әскери қызметтің ауыртпалықтарын табандылықпен көтеруге, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне адал болуға ант берді.
– Әскери анттағы әр сөз үлкен мағынаға ие. Оны салтанатты жағдайда оқыған соң ғана әскерге шақырылушы толыққанды әскери қызметшіге айналады. Сол арқылы әскери қызметті дұрыс атқару мен антқа адал болу жауапкершілігін өз мойнына алады, – деп атап өтті «Оңтүстік» ӨңҚ әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ораз Кучуков.
Ант беру рәсіміне тау қорықшысы полкінің сарбаздары бір ай бойы дайындалды. Осы уақыт ішінде олар әскери өмір салтымен, полк тарихымен танысып, жас жауынгер курсын игерді. Жалпыәскери жарғыларды, қарудың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеп, саптық, атыс және дене дайындығынан өтті.
– Мен қызмет етуге келген әскери бөлім еліміздегі бірегей бөлім. Қазақстанда ол жалғыз, әрі Бауыржан Момышұлының отанында орналасқан. Бұл бізге қосымша жауапкершілік жүктейді. Сол себепті ұлы қолбасшының есімі мен даңқына сай болуымыз керек, – деді Шымкентен шақырылған қатардағы жауынгер Рамазан Айдосұлы мақтанышпен.