ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысы, Арыс қаласына іс-сапарменкелді. Үкімет басшысы іс-сапары аясында Арыс қаласының залал келтірілген үйлерін, әлеуметтік нысандарын, инженерлік желілерін салу және жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Асқар Ұзақбайұлы алдымен, Болат Өтемұратов атындағы қордың демеушілігімен Барыс мөлтек ауданында салынып жатқан 100 отбасыға арналған 50 үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. 24 шілдеде бастау алған құрылыс жұмыстарының бүгінде 50% аяқталған. Жалпы құны 830 млн теңгені құрайтын баспананы салу жұмыстарына 210 қызметкер жұмыс жасауда. Cондай-ақ, Үкімет басшысы Павлодар облысына тиесілі аумақты аралап, атқарылған жұмысқа ризашылығын білдірді. Негізінен 2 секторға тиесілі 389 баспана болса, оның 328-і жөндеуді қажет ететін болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып иелеріне тапсырылған. Премьер-министр мұнымен тоқтамай, Түркістан облысына тиесілі 7 сектордағы жұмыстармен де танысты. Негізінен бұл секторға тиесілі 478 үй болса, оның 100 қайта құруды қажет етеді. Бүгінде оның 378 аяқталған. Үй иелерімен кездескен үкімет басшысы Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі 9 секторға да аялдады.
Жалпы Арыс қаласын қалыпқа келтіру жұмыстарымен танысқан Үкімет басшысы 1200 адамға шақталған стадионға барды. Аумағы 1 гектарды құрайтын футбол алаңын қалыпқа келтіруге «Самұрық-Қазына» АҚ атсалысуда.