Бүгін аудан орталығындағы мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Бос жұмыс орындары мен лауазымды қызметтер» жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкенің ашылуында алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Е.Күзембаев, жұмыс іздеп келген аудан тұрғындарына жәрмеңкенің шарттарын түсіндірді.
Жәрмеңкенің мақсаты аудан аумағында орналасқан мекемелердегі бос орындарды жариялап, сол бос орындарға жұмысқа орналасам деуші азаматтарға қолау көрсету.
Жәрмеңкеге 54 жұмыс беруші мекемелерден 166 бос жұмыс орындары туралы мәліметі ұсынылды. Бос жұмыс орындарының ішіндегі сұраныстың көп бөлігі білім саласына қатысты. Атап айтсақ, орыс тілі және әдебиеті, ағылшын тілі, математика және физика пәндерінің мұғаліміне.
Жалпы жәрмеңкеге 165 адам қатысты, оның ішінде жұмыссыздар саны 97 адамды құрады.
92 жұмыссыз адамға «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес заңдылықтарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жиырма тоғызға дейінгі жастар мен жалпы жұмыссыз азаматтарға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жастар практикасы мен қысқа мерзімдік кәсіптік оқыту курстарына қатысу тәртібі түсіндіріліп, бағдарламаға қатысуға шақырылды.
Жәрмеңке барысында ұсынылған 166 жұмыс орнының 32 жұмыссыз азаматтар бос жұмыс орындарына жолданды. Жастар практикасына 7 жас жолданса, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына қатысуға ниет білдірген 47 азаматтың құжаттары қабылданды.
Жәрмеңкеде бос жұмыс орындарының басым көпшілігі білім саласынан ұсынылды. Қазіргі таңда аудан мектептеріндегі барлық педагогикалық бос жұмыс орындары «jumus.sitcen.kz» сайтында жарияланып, жұмысқа конкурс негізінде қабылданады. Үміткер осы сайтқа жеке электронды поштасы арқылы тіркеліп, өтініш тастау арқылы конкурсқа қатыса алады. Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген педагогтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, конкурстан өту ұсынылды.