«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ 20 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТКІЗІЛЕДІ
«Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыру 20 млрд теңгеге жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
«Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе — ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы», — деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан Қазақстан Президенті «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажеттігін айтты.
«Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын», — деді Қ.Тоқаев.
ПРЕЗИДЕНТ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУҒА 58 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛУДІ ТАПСЫРДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлуді тапсырды.
«Отбасы институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлыққа қарсы күресу – біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы керек. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбеюуі бізді алаңдатуы тиіс. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды оңалтуға арналған бағдарламаны әзірлеуіміз керек. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылармен де ерекше жұмыс жүргізген абзал. Тек ресми статистикаға сүйенсек, елімізде мүмкіндігі шектеулі 80 мың бала бар. Үкімет сал ауруына шалдыққан балаларды медициналық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмысына маңыз беруі тиіс», — деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Президент ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға тең мүмкіндік жасалуы тиіс екенін атап өтті.
«Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы тұғырнамамда айттым. Енді Үкіметке бұл бағытта алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлуді тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы. Еске сала кетсек, елордада ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.
Жиын барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялауда.