Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт саласында жаңаша реформалар жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сакен Қалқамановпен өткен басқосуда айтылды. Жиында басқарма басшысы Полат Қырықбаев атқарылып отырған игілікті істер жөнінде жан-жақты айтты.
Тәуелсіз еліміздің спортының дамуында сүбелі үлесі бар Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт саласын дамытуда қазір жаңаша бағдарламалар түзіліп, соның аясында бірқатар игілікті істер атқарылуда. Киелі Түркістан қаласында әлемдік аренаға алып шығар спорт кешендері мен стадионның құрылысы қызу басталып кеткен. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір спортының қарқынды дамуына әрдайым қолдау көрсетуде. Сала мамандарымен өткен жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өзінің жаңа тың идеяларымен бөлісіп, 2020 жылы Токио олимпиадасында түркістандық спортшылардың жүлделі орындардан көрінуі үшін барлық жағдай жасалатындығын жеткізді.
Спартакиадалардың өткізілуіне ең қарапайым, қол жетімді спорт түрлерін қосуды ойластыру керек. Өзге де басқармалармен бірлесе отырып, халықтың арасында бұқаралық спорттың дамуына барлық мүмкіндіктер жасалатын болады.
Сонымен бірге, жыл бойында өтетін жарыс кестесінен ең ауқымды іс-шараларды белгілеп, жоғары деңгейде өткізуіді қарастырамыз және әр апта сайын жоспарларды түзіп, ішкі саясатпен бірге жұмысты жандандыруымыз керек.
Облыста олимпиадалық бағыттағы спорт түрлерін дамыту –күн тәртібінен түскен емес. Сонымен қатар, қазіргі таңда облыс спортшыларының әлеуметтік жағдайларын жақсартуда жаңашылдықтар көп. Сала мамандарының бұқаралық спортпен де жан-жақты шұғылданып, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы спартакиаданың жаңа үлгісін жасау қажет екендігі айтылды. 14 қыркүйек күні жазушы-журналист Кеңес Исмайловты еске алуға арналған кеште құзға өрмелеу спорт түрлерінен турнир өтеді. Осыған орай, Сәкен Қалқаманов осы жарысты жоғары деңгейде өткізу қажет екендігін тапсырды.