Түркістан облысында дәстүрлі Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы өтті. Алғаш рет Түркістан қаласында ұйымдастырылған шара Р.Сейтметов атындағы сазды драма театрында өз мәресіне жетті.
Тарихы 1992 жылдан басталған байқау осымен 23 рет ұйымдастырылып отыр. Талай талантты танытқан додаға барлық ауданнан кіл мықтылар іріктеліп алынған. Қорытынды облыстық жарысқа 22 үміткер қатысып, өзара мықтыларды анықтады.
Байқаудың мақсаты — Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау, дәріптеу, шалғайда жатқан ауылдардағы талантты әншілерді анықтау болатын. Ән додасына композитор, Шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі, ҚР Композиторлар Одағы облыстық филиалының төрайымы Құралай Сәтмұханбетова, ҚР Мәдениет қайраткерлері Әбдіхан Нұрмаханбетов, Айжан Тәженова, композитор Әлімбай Ботақараев қазылық етті.
Дәстүрлі өнер додасының бірінші кезеңінде instagram әлеуметтік желісінде 15-29 жас аралығындағы қатысқан үміткерлер арасынан халықтың ең көп дауысын (лайк) жинаған 20 үміткер байқаудың ақтық кезеңіне өткен. Енді бүгін ел арасында дауыс жинаған үміткерлер қазылар алдында өнерлерін көрсетті.
Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде облыстық опера және балет театры «Арбат» кватетіне бұйырды. (400 000 теңге), І орын (250 000теңге) Отырар ауданынан келген Теңлібаев Шоханның қанжығасына байланды. ІІ орын (150 000 теңге)Ордабасы ауданы Әмір Бекзатқа, ІІІ орын (100 000 теңге) Шадара ауданы Изгали Динара иеленсе, сонымен қатар, Түркістан облысы әкімінің арнайы жүлдесі (150 000 теңге)Бәйдібек ауданынан Сыдықов Асанға табысталды. Бұдан бөлек, «Менің Қазақстаным» жүлдесі (30 000 теңге)Төлеби ауданы Жеткербаев Робертке, «Ақмаңдайлым» жүлдесі (30 000 теңге)Түркістан қаласы Төлеген Русланға, «Ақсұңқарым» жүлдесі (30 000 теңге) Арыс ауданы Мымырхан Жұбатовқа, «Бәрінен де сен сұлу» жүлдесі (30 000 теңге)Түркістан қаласы Сабыр Балымшаға, «Ең жас орындаушы» жүлдесі (30 000 теңге) Түркістан қаласы Ералиева Мадинаға табысталды. Жеңімпаздарды Түркістан облысы мәдениет басқарма басшысының орынбасары Әзімхан Қойлыбаев, композитор Қалдыбек Құрманәлі, қазылар алқасының төрағасы Әлімбай Ботақараевтар құттықтап, сый-сияпат табыстады.