Ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру, оны жастарға түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру бойынша Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты аудан-қала басқарма/бөлім қызметкерлеріне жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарына барып, кездесу ұйымдастыру тапсырмасы берілген. Осыған орай, Қазығұрт ауданы №11 колледжінде ІІО-на қызметке орналасу үшін қандай оқу орнына түсу керектігін студенттерге аудандық полицейлер жіті түсіндіріп өтті.
Іс-шараға Қазығұрт АПБ бастығының КСЖ орынбасары полиция подполковнигі Сейсебаев Бахыт, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мақсұтов Талғат және Қазығұрт АПБ жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Бақкелдиев Есімхан сондай-ақ, колледждің 2-3 курс студенттері қатысты.
Кездесу барысында жастарға болашақта полицей болу үшін бірінші кезекте шыдамдылық пен батырлық қажет екені түсіндірілді. Сондай-ақ ІІО қызметкерлеріне бүгінгі уақытта барлық жағдай жасалғандығы айтылды.
Осындай келелі кездесу, Сарыағаш аудандық Капланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінде де жалғасты. Сарыағаш АПБ Кадр саясаты бөлімі мен ювеналды полиция тобының қызметкерлері жоғарғы курс студенттеріне Ішкі істер органдарының жоғарғы оқу орындарына оқуға жолдау және қызметке кандидаттарды қабылдау бойынша кәсіби бағдар беру жұмысын белсенді түрде жүргізді. Келешекте тәртіп сақшысы болғысы келетін студенттердің сұрақтарына толыққанды жауаптары беріліп, ашық сұхбат жүргізілді. Колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бердіқожаев Абылай Абназарұлы тәлім-тәрбие жөнінде ақыл-кеңестерін берсе, жиынға қатысушы полицейлер жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау мақсатында профилактикалық түсіндірулер жасады.
Қазіргі таңда жастар арасында орын алып жатқан түрлі қылмыстарды болдырмау, алдын алу аясында, елдің нағыз жанашырлары мен патриоттарын, тәртіп сақшыларын тәрбиелеудегі іс-шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі