Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс елу жетінші сессиясында осындай мәлімдеме жасалды, деп хабарлайды q-content.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Шымқала әкімі Ерлан Айтаханов, қала әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері сессия жұмысына қатысты. Бегайдар Төлегенов төрағалық еткен сессияның күн тәртібінде 11 мәселе қаралды. Оның негізгісі Шымкент қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті жайында айтылды.
Аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр баяндамасында сөйледі. Мемлекет қаржысының қай мақсатта және қалай жұмсалатыны жайында бұған дейін тұрақты комиссияда қаралған еді.
«Өздеріңізге белгілі, республикалық статусқа байланысты қала бюджетінде қаржылық тапшылық орын алған болатын. Бүгінде республикамен қарқынды жұмыстар жүргізіліп, тапшылықтарды жою үшін 6,2 млрд теңге қосымша қаражат бөлінуде. Қаражатты бірінші кезектегі қажеттіліктерге жұмсауымыз керек. Мәселен, жыл соңына дейін Айкөл, Ақжар, Сайрам елдімекендеріне сапалы ауыз су жүргізіледі. Оған қоса Достық шағынауданынан басталатын магистралды су құбыры аяқталып, нәтижесінде Ынтымақ, Жаңатұрлан, Батыс елдімекендеріне су беру мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар, кеше ғана қоғамдық көлік мәселесі шешілген Тұран шағынауданындағы «Әдия» және «Отау» тұрғын үй кешендеріне баратын жол құрылысына да қосымша қаржы қаралды. Жалпы, алдағы уақытта шалғайдағы елдімекендердің жол-инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне қаржы қаралатын болады. Спорт және мәдениет нысандарына да келер жылы қаражат қарастырылады», — деді қала әкімі Е.Айтаханов.