Осы мәселе төңірегінде Шымкент қаасының тұрғындары жиі толғанатыны рас. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімдігі ақпараттық-коммуникациялық орталығында қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр бюджетті нақтылау бойынша БАҚ өкілдерімен кездесуде жан-жақты баяндады.
Қалада енді құрылыс нысандары тез әрі сапалы жүргізілетін болады. Кәдімге өркениетті елдердей. Барлық жұмыс түпкі нәтижеге істелінеді. Қарқынды жобалар мен тірліктер инвесторлар тарту арқылы жүзеге асады. Әсіресе медицина, білім саласындағы проблемалар тез әрі жылдам шешімін табатын болады. Қала бюджетіне де айтарлықтай салмақ түспейді.
Қалада үнемделген және игерілмеу қаупі бар қаржылар тек әлеуметтік салаға жұмсалатын болды. Атап айтар болсақ: мүгедектерге, медициналық әлеуметтік қызметке, жылу жүйелерін ағымдағы жөндеу және қымтау жұмыстарына, «Шымкент сити» орталығындағы 504 пәтерлі сегіз коммуналдық тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға т.б.
«Шымкент қаласын өркениетті елдердегідей дамыту жоспарын естіп, бұл мән-жайды білгіміз келді. Ербол Әбілхайырұлы, осы ауқымды жобалар келер жылы жүзеге асады деген сізде нақты сенім бар ма?» – деген көкейге келген күмәнді сұрақты да жолай қоюға тура келді. Өйткені Шымкент қаласында көптеген сақалды құрылыстар көбейіп, олардың бітуі сағызша созылып кеткен. Бір ғана Темірлан тас жолы бойындағы «Жаңа шаһар» маңындағы аспалы көпір бес жылдан бері бітпей, тұрғындар наразылығын туғызғаны көпшілікке белгілі.
«Қаланы көркейтуге және біздің бастамаларымызға қолдау білдіріп, келіп жатқан инвесторлар өте көп. Сондықтан қолға алған жоспарларымыз міндетті түрде жүзеге асады деген ойдамын», – деді қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр сенімді түрде.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасарының сөзіне қарағанда келер жылдан бастап, салынатын нысандар өркениетті елдердегідей жоспарлармен бой көтеріп, қала қарқынды дами бастайтынын байқауға болады.