Бүгін Шымкент қаласы əкімінің орынбасары Ербол Садыр БАҚ өкілдерімен өткен брифингте 2019-2021 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау барысымен таныстырды.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бөлінгеннен кейін үшінші мегаполисте 29 басқарма құрылып, жаңа басқармаларға 44 функция жүктелді. Алайда, 16 млрд теңгені қамтып келген шаруаларға қаржы өз деңгейінде бөлінбей қалды.
Осы орайда, Шымкент қаласындағы жұмыстарға талдау жасалып, негізгі салаларға басымдық берілді. Атап айтқанда, атаулы əлеуметтік көмекке, жастарды баспанамен қамтуға, жалақыны көтеруге, жұмыспен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету бағытына бөлінетін қаржы қайта пысықталып, ҚР Үкіметінің NN490, 701 Қаулыларына сəйкес, республикалық бюджетке өзгерістер енгізілді.
Е.Садырдың айтуынша, «Шымкент сити» орталығындағы 504 пəтерлі 8 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 1 171,3 млн теңге қажет.
— Қала аумағында ауыз су, көше құрылысы, жəне табиғи газбен қамту мəселесі де өзекті. Сондықтан осы сұрақтарды шешуге басымдық берілді, — деді ол.
Жұмыс істейтін жастар үшін тұрғын үй салуға 2 160 млн теңге, ал, тұрғын үй сатып алуға 4 320 млн теңге қаржы қаралған. Бұл — 904 пəтерге қаралған қаражат болып тұр.
Шымкент қаласы əкімінің орынбасары брифинг барысында 2020 жылы Тұран шағынауданында көпқабатты 88 үйдің құрылысы басталатынын мəлімдеді. Сондай-ақ, Тұран шағынауданындағы құрылысы басталған 5 көшені қала əкімі 2019 жылдың соңына дейін аяқтауды міндеттегенін айтты.