Оңтүстiк Қазақстан облысына (қазіргі Түркістан облысы) келiп-кеткен әкiмдердiң бәрi бiрдей өз қызметiн абыроймен атқарып кеткен жоқ. Қалық Абдуллаевтың «Кiм келiп, кiм кетпеген Шымкент бұл?! Құшақтап тұрып, арқаңнан пышақ салғандардан сақтасын» деп, қызметiнен абыройсыз кетiп бара жатқанда бармақ тiстеп, бас шайқағаны есімізде қалды. Билiкте «туф» десе түкiрiгi жерге түспейтiн, кеңсесiне кез келгендi кезексiз бас сұқтырмайтын, қарапайым халық үшiн ешқашан қол жетпейтiн көлiк мiнiп, қомақты жалақы алатын бұл әкiмдердiң де перiште емес, пенде екенi белгiлi . Сондықтан, қазiргi заманда «кедей бай болсам, бай Құдай болсам» деген пиғылдың етек жайғанын байқау қиын емес. Мұны қарапайым халық бiлiп, көрiп отыр. Әкiмдердiң кедей болып кеткенiн ешкiм көрмедi. Кадрларды сапырылыстыруда (олар жайлы креслоға жәйдан-жәй отырғыза салмағаны шындық қой), солақай жекешелендiруде, жер бөлуде қандай заңсыздыққа барғаны өздерi мен бiр Аллаға аян. Әкiмдер туралы мақтау-мадақтау мақалалар жазу ойымызда жоқ. Олар жайлы сын мен шындықты айтқымыз келiп тұрғанын жасырмаймыз.
Мен осы постымды жазбай тұрып, әкім болмаса да ел басшысы болған, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарған , Оңтүстікті гүлдендірген Асанбай Асқаров туралы айта кеткім келген. Шымкенттің аббаттануы осы тұлғаның есімімен тікелей байланысты. Шымкенттегі сан алуан ағаштарға көмкерілген Дендропаркке барып, салауатты өмір салтымен айналысқанда мен осы кісіні жиі еске аламын.Халық та аузынан тастамайды. Халық үшін жасаған басқа игі тірліктері шаш етектен. Елін, жерін, қазағын шексіз сүйетін мұндай тұлғалар мыңнан біреу ғана деп ойлаймын. Ол кісі дүние-мүлік, байлық емес, халық алдында атақ-абырой жинап кетті. Ұлы тұлға, бір туар азамат Қазақ елінің көшбасшысы болған Дінмұхаммед Қонаевтың артында тек ғана үш бөлмелі пәтері қалды мұражай болып.
Енді атқамінер әкімдер тақырыбына көшейік.
Елiмiзде әкiмдiк жүйе еңген соң алғаш рет Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi болып Марс Үркiмбаев тағайындалды. Әрине, ғалым адамның шенеунiк болып отыруы тосын жағдай болып көрiндi. Марс Фазылұлы барлық салаға жете мән бердi деп айта алмаймыз. Оқу орындарына жаңа өзгерiстер әкелуге ұмтылды. Осы кезде колледж терминi пайда болып, институттардың атауы университетке айналды. Азаматтың артында қалған аяқсыз айтулы жаңалығы – Шымкент қаласының шетiндегi демалыс аймағынан академиктер қалашығының бой көтеруi едi. Тек жиi-жиi жарнамалық «Шара-бара» газетiнен «Академгородоктан» үй сатылады, деген хабарландыруларды оқып, облыстың алғашқы әкiмiн еске аламыз. М.Үркiмбаевтың қызметтен кетуiне сол кездегi Бас прокурор, ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң төрағасы болған, кейiннен оппозиционер атанған Жармахан Тұяқбайдың әсерi болмай қалған жоқ. М.Үркiмбаевқа бiраз айыптаулар тағып, оны жауапқа тартқысы келдi. Алайда, екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайтынын бiлген билiк Марс Үркiмбаевты бiраз уақыт жұмыстан шеттетiп, кейiннен экономика министрi етiп тағайындады. Әкiмнiң қыр соңынан қалмаған Жармахан Тұяқбай кейiннен қызметiнен босап, бiраз уақыт үйiнде қол қусырып отырды. Одан жаңадан құрылған ҚР Мемлекеттiк Тергеу комитетiнiң қызметiне келдi. Одан да көп ұзамай бұл құрылымды да билiк таратқан соң, тағы да қызметсiз қалды. Осы жерде айта кететiн жайт, Елбасының сенiмдi кадры деген Жармақан Тұяқбай оппозицияға өтiп кетiп, өзi адал қызмет еткен жүйеге «сатқындық» жасады десек те болады. Бұрынғы Бас Прокурордан мұндай қадамды кiм күткен? Осы жүйенi қалыптастыруға белсендi ат салысқан саяси тұлға осылай бiр күнде ұзақ жыл қалыптасқан өз көзқарасынан табан астында айнып шыға келдi. Бұл жерде өзiне бұйыра қоймаған тақтың да әсерi болуы мүмкiн. Қарапайым халықтың жағдайын ойлаған болса, қазiр үнi шықпай, өзi құрған партиясын таратып жiбермес едi ғой. Мұндай жағдай көршiмiз Өзбекстанда орын алса, Жармақан Тұяқбайлар ит жеккенге айдалып кетер ме едi. Немесе тар қапаста, түрменің төрінде отыратыны күмәнсiз. Тiптi өзiне адал қызмет еткен Бас Прокурорлары мен соттарды, ҰҚК лауазымды тұлғаларын Өзбекстан Президентi Шавкат Мирзияев қатаң жазалайтынын саяси сахнада көрiп жүрмiз. Дегенмен бiзде, Қазақстанда, бұрынғы Ұлттық Қауiпсiздiк комитетiнiң басшылары ғана саяси ойында қатты таяқ жедi. Екi рет ҰҚК басшысы болған Әлнұр Мұсаев, марқұм Рахат Әлиев сырттай сотталып, жаза алса, ал ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев қашқын банкир, оппозиционер Мұхтар Әбiләзовпен ауыз жаласамын деп, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Айтпақшы, ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары болған Бақтыбай Ілиясов Шымкенттік » Сыра патшасы«, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттеген Тоқтар Төлешевтің » крышасы» боламын деп 7 жылға сотталып кетті.
Бұл мемлекеттік күштік құрылымдарының басшыларын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев: «Ең үлкен ұры» — Прокурорлар» деп үлкен жиында жерден алып, жерге салып, ұрсып, елге масқара етті.
Прокуратура саласын түбегейлі өзгертеміз. Бұрынғы Бас Прокуратура басшылары жұқпалы індет тастап кеткен. Бұл — ПАРАҚОРЛЫҚ індеті. Тамырымен қопарып тастауға әрекет етіп жатырмыз. Ауыр болып жатыр. Істі аяғына дейін жеткіземіз, – деді жиында бұрқан-талқан ашуланған Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзияев.
-Таяуда еліміздің Бас Прокуратурасының басшысын ауыстырдым. 80 пайыз кадрларды өзгерттік. Бұрынғы ұрылар тізімінен 15-20 пайыз қалып қойды. Жайлап бәрібір тазартамыз. Прокурорлар халыққа әділетті қызмет істемесе, біржолата жоқ қыламыз.
Прокурорлар адамдардың басына пәле болып жабысқан. Адал істемейді екен, бәрі кетеді. Прокурор қашан жақсы жасайды, халық та жақсы өмір сүрген тұста. Олардың салған үйлері мен мінген көліктерінің түрін қараңыздар. Бай-патша дерсің. Не, бұлар атом реактивін ойлап тауып, сол жаңалыққа қаржыға белшесінен батып жүргендер дейсіздер ме? Жоқ. Парақорлық жолмен жетіп отыр.
Мен прокурор деген адамды өте жаман көремін. Ашығын айтып отырмын. Мен қызметімді төменнен бастап, аудан және облыс әкімі болған адаммын. Бұл арсыздардың қарапайым халықты менсінбеуі жүріс-тұрысынан байқалып тұрады.
Ең бірінші ұры – осы прокурорлар. Айналасын ұрлыққа, қылмысқа тартады. Ашығын айтқанда, ең үлкен ұры осылар. Кейбір ақымақ прокурорлар аты-тегін дұрыс жазуды да білмейді. Тамыр-танысы мен көке-жәкесінің арқасында осы қызметке жайғасып алған. Содан кекірейіп, қарапайым халықты менсінбей танауын көтеріп жұреді. Кезінде Мұхидинов деген прокурор болды. Ол қазір түрмеде отыр. Біз үшін ешкім авторитет емес. Біз халыққа ғана бас иеміз, соған есеп береміз. Бәріміз халыққа қызмет қыламыз. Халықтың қызметшісіміз. Менде бір-ақ билік бар. Ол халық сеніп тапсырған өкілеттілік.
Заңдылықты қадағалайтын, халықтың бостандықтары мен құқын қорғайтын кім, ол – прокуратура. Файзеев мырза, мемлекеттің формасын киіп алып, дандайсуға жол бермеймін. Сіздердің жүріс-тұрыстарыңыз халыққа ұнауы керек. Сіздерден үлгі, өнеге алуы керек. Бірақ Сіздердің жүрістеріңізден адам қорқады. Біз осылай прокуратураның атына кір келтіріп, масқара еткенбіз. Арам жолмен келген ақша ешкімге бұйырмайды. Адал бейнетпен таппаған қаржы немерелеріңізге де бақыт әкелмейді. Мен төменгі буында істеген адам ретінде осы жағдайды ашық түрде айтуына тура келіп отыр.
Осыдан соң Өзбекстанда мемлекеттік күштік құрылымдардың басына қара бұлт үйірілді. Өзбекстанның Бас Прокуратурасын 15 жыл бойы басқарған, бұрынғы президент “Ислам Каримов гвардиясындағы” сенімді шенеуніктердің бірі болған Рашид Қадыровтың үстінен қылмыстық іс қозғап, 10 жылға түрмеге тықты. Бас Прокурормен бірге тағы 12 адам бас бостандығынан айырылды.
Сот оны «пара алды, бопсалады, қаржылық алаяқтық жасады, салық төлеуден жалтарды және әділ сотқа кедергі келтірді» деген ауыр айыптар тақты.
Тағы бір күштік құрылымның басшысы Өзбекстан Мемлекеттік Қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы Ихтиёр Абдуллаевты да 18 жылға үкім шығарып, қатаң жазаға тартты. Өзбекстан әскери соты Абдуллаевпен қатар 20-дан астам бұрынғы шенеуніктерге үкім шығарды. Осыдан аз ғана жыл бұрын Өзбекстан Республикасының Бас Прокуроры қызметін аткарған адамның тағдыры осындай тәлкекке түсті.
Ихтиёр Абдуллаевқа «қылмыстық топ құрды», «пара алды», «Өзбекстанның мүддесіне қайшы келісім жасады», «бопсалады», «бөтеннің мүлкін жымқырды», «кеден заңнамасын бұзды», «қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» және өзге де айыптар тағылып, түрменің төрінен бір-ақ шықты.
Қазiргi билiктiң тағынан түспей келе жатқан Зауытбек Тұрысбеков туралы әңгiме көп. Әсiресе, ат үстi жүргiзiлген жекешелендiру саясаты кезiнде бұл әкiмнiң тасы өрге домалағандай. Мемлекеттiк маңызы бар Оңтүстiк Қазақстан облыстық диагностикалық орталығы, А.Пушкин атындағы кiтапхана ғимараты, қазiргi «Балапан» бағдарламасымен қайта қалпына келтiрiлiп жатқан сан жүздеген балабақшалар ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеткен екен. Облыстың халық қалаулылары мұндай белеңсiздiктi қатты сынға алып, «Жекешелендiрудiң миллиондары қайда, З.Тұрысбеков мырза?» деп, баспасөзде дабыра көтергенi жұрт есiнде. Шырайлы Шымқалада жарық өшiп, жылу берiлмей, айналадағы тал-теректер от боп жанып, күлге айналды. Мұнай өңдеу зауытындағы дау бүкiл республикаға жеттi. Сол кездегi облыстық мәслихаттың депутаты болған марқұм Темiртас Тiлеулесов осы З.Тұрысбеков жайлы «Ордалы жылан» кiтабында қаралап, бұл әкiмдi ашықтан-ашық айыптауға көшкен еді. Тұрысбеков жайлы кітапта жазылған пікірлерді оқып, төбе шашың тiк тұрады. Кез келген оқырман «осындай азамат облыс басқарған ба?» деп қалатыны шындық. Марқұм Тiлеулесовтi де сүттен ақ, судан таза деп айта алмайсың. Ақша жүрген жерде қай азаматтың ары таза болсын. Зауытбек Тұрысбековтың тұсында кеншiлер қаласы Кентауда «Ачполиметалл» ААҚ-ның мыңға жуық адамы өздерiне берiлмей жатқан жалақысын, төленiлмей қалған жәрдемақысын талап етiп Астана-Алматы қаласына жаяу тартты. Бұл наразылық шеруiн сол кезде келiссөздер арқылы ғана әрең тоқтатты. З.Тұрысбековтың әкiмдiк қызметi кiлең у-шудың ортасында өттi.
Келесi әкiм Қалық Абдуллаев оңтүстiк тағында көп отыра алмады. Келе салысымен Тұрысбековтың кадрларын шеттетiп, өз командасын жинақтай бастады. Осы әкiм тұсында билiк креслосы саудаға түстi деген әңгiмелер жиi айтылды. Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайтыны белгiлi ғой. Абдуллаевтың сыртынан тасада тұрып тас атушылар, арызқойлар аз болмағанға ұқсайды. Қалық Абдуллаұлын Елбасы өзi келiп, қызметтен босатты. «Қалық Абдуллаұлы, мен саған оңтүстiк жерiнде шәй iшпе деп айтпап па едiм? Бүгiн көзiңе күлiп шәй бередi, кете салысымен артыңнан арыз жазады!» деп, оған қатты сын айтты. Абдуллаев жарық, жылу проблемаларын шеше алмай кеттi.
Қызылордадан ат ауыстырып келген қазіргі ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Бердiбек Сапарбаев өзiне «мұра» болып қалған проблемаларды шешуге көштi. Бұл әкіммен мен «Жас Алаш» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі болған кезімде бетпе-бет кездесіп, жүздесіп жүрдім. Ең алғашқы облыс проблемасына қатысты мақалам «Сапарбаев сапырылыстырып жатыр, Абдуллаев алдап кетті» атты болды. Бұл оңтүстіктегі өзекті газ және осы көгілдір отынға жұмсалған қаржылардың Өзбекстанға аударылып кетіп, қайтарылмағаны туралы мәселе еді.
Б. Сапарбаевтың тұсында шенеуніктер армиясы көбейіп кетті. 1998 жылы облыс әкімшілігі басқару органдарының саны 15-ке жетіп, оны қаржыландыруға 182 миллион 495 мың теңге жұмсалыпты. Ал, осы әкім келген кезде әкімшілік басқару органдарының саны 20-дан асып-жығылды. Жұмсалған қаржы 484 миллион 707 мың теңгеге жеткен. Осы кезде облыстың мемлекет тарапынан алатын субвенциясы екі жыл аралығында 20 пайызға өсіп кеткені белгілі болды. 1999 жылы облыс 6 млрд. 71 млн. 800 мың теңге субвенсия алса, Б.Сапарбаевтың тұсында 10 млрд. 637 млн. 800 мың теңге көлемінде қаржы алуды жоспарлаған.
Сапарбаевтың кадр сапырылыстырудағы құйтырқы әрекеттерiне құрық бойламайтындығы аңғарылды. Осы әкiм тұсында қызметтен кеткен лауазымды тұлғалар өздерiне жасалған қиянатты ұмыта қоймағаны байқалады. Бұрынғы «Шымкент экономика-құқық колледжiне» қарасты стадионды марқұм Манап Өтебаевтан тартып алды. Стадионды қайтарып алудағы мақсат – осы маңда бос жатқан жерге теннис кортын, басқа да спорттық кешендер салу болатын. Алайда мұнда жанар-жағармай бекетi, сол кездегі облыс әкiмнiң бiрiншi орынбасары, қазір «пара алуға оқталды» деп айып тағылып, түрмеде отырған, сотты болып жатқан Ислам Әбiшке қатысты ЦОН-ның бой көтергенiн жұрт жақсы бiледi. Сонда Б.Сапарбаевтың бұл әрекетiн көзбояушылық демей не деуге болады?
Қызметiнен кетпегендердi ашықтан-ашық қудалады деуге болады. Сол кездер Шымқаланы көркейтiп, гүлдендiрген қала бюджетiнiң түсiмiн молайтқан нағыз iскер азамат, қала әкiмi Төретай Бекжiгiтовтiң соңына шырақ алып түстi. Шымкентте айтыс-тартыс, шу көтерiлдi. Ақыры Т.Бекжiгiтов отставкiге кетуге мәжбүр болды. Сапарбаевтың қызмет iстетпегенiн Төретай Бекжiгiтов жариялы түрде айтып кеткені ел есінде.
Креслода тау құласа да өзi құламайтындай шалқайып, шiренiп отыратын Болат Жылқышиев та өте абыройсыз жағдайда қызметiнен кеттi. Елбасының өзi тiкелей жүргiзген Қауiпсiздiк Кеңесiнiң отырысында бұл әкiмдi қалай сiлкiлегенiн көгiлдiр экраннан көпшiлiк көрiп, аяп кеттi. Б.Жылқышиевтiң түсi бұзылып, аяқ-қолы дiрiлдеп, көзi алақ-жұлақ болып, шуға қатысты сұрақтан сүрінді. Бұтына жiберiп қойған жас баладай мелшиiп қалды. Бұл елдi шулатқан талай жас сәбидiң өмiрiн қиған, аналардың өзегiн өртеген өкiнiш күйiкке айналған СПИД-тiң шуы болатын. Б.Жылқышиев оңтүстiкте ұзақ отырып қалғанына қатты өкiнген болар. Бұдан кейiн Б.Жылқышиевтiң қызметте тасы өрге домалап кете алмады. «Жамбыл облысына әкiм болып барады «деген әңгiме жәй қауесет болып шықты.
Б.Жылқышиевтiң тұсында жер дауы ушықты. Сол кездегi қаланың әкiмi Ғалым Жұмжаевтың үстiнен қылмыстық iс қозғалды. Баз бiреулер осы әкiмнiң тапсырмасын орындаймын деп, қала әкiмi жаманатты болды дегендi айтады. «Шымкентте тротуарға дейiн сатылып кеттi» деген әңгiме жиi айтылады. Қаладағы заңсыз салынып кеткен ғимараттардың «қызылсызықтар» дауы әлiге дейін жалғасып келеді.
Болат Жылқышиев әкiм болмаса, оның туған ағасы Нұрлан Жылқышиев Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты болмас па едi. Белден басу бұл жерде де орын алды деп айтады жұрт. Жергiлiктi билiк әкiмнiң ағасы Нұрлан Жылқышиевке жұмыс iстеуге мәжбүр болды. Саясатта тәжiрибесi жоқ, қалпақпен ұрып алатын белгiсiз тұлғаға Б.Жылқышиев сайлауда жеңiлiп қала жаздады. Жалпы Б.Жылқышиев өз туыстарын қызметке қоюға ықпал етпедi деп айта алмаймыз. Осы тұста облыстық диагностикалық орталыққа Раушан Әбжаппарқызы Жылқышиева, ОҚО IIД қызметкерлерiнiң емханасына Мұрат Әбдiжаппарұлы бас дәрiгер болып тағайындалады. Келiнi Гаухар Атемова Шымкент қалалық бiлiм және спорт бөлiмнiң бастығының орынбасары лауазымын атқарған. Күйеу баласы Нұрбақыт Иманқұлов Арыс қаласы әкiмiнiң орынбасары қызметiнде жүрдi. Жылқышиевтiң билiгi жүрiп тұрғанда Абай атындағы саябақ жеке тұлғалардың қолына өттi. «Сигма» фирмасы сыра зауытын салды. Басқа да алпауыттар мемлекет меншiгiн әкесiнен қалған мұрадай талапайға салды.
Болат Жылқышиев абыройсыз жағдайда қызметiнен кеткен соң, бұл орынтаққа тағы бiр жерлесiмiз әккi саясаткер, Астана қаласының әкiмi Өмiрзақ Шөкеев келдi. Ұсақ-түйек қызмет атқармаған ол өзiнiң потенциалдық мүмкiндiгiн көрсете бiлдi. Ол өзiн өте табанды, жалтақтық мiнезi жоқ әкiм ретiнде танытты. Атын естiсе, айдаладағы бесiктегi бала шошып оянатын аты шулы Рахат Әлиевтiң туысымен айқасқа шықты. Қала әкiмi болып тұрған Өмiрзақ Әметтi қызметтен тайдырды. Әлиев пен Шөкеевтiң теке-тiресi немен аяқталатыны бiр Аллаға аян едi. Рахаттың басына iс түсiп, шет ел асып бас сауғалап кетпегенде. Өмірзақ Шөкеев Шымкенттегi шулы оқиғаны басуға бар күш-жiгерiн салды. Тек оның Астанадан әкелген кадрларына жұрт көңiлi толмады. Әсiресе облыстық денсаулық департаментiне қызметке келген Дудниктiң жыры көп болды. Мемлекеттiк тiлiмiзге мұрын шүйірiп қарау орын алды. Тоғыз айға жуық оңтүстiктi басқарған Ө.Шөкеев көп тiрлiктер тындырғанын жасыруға болмайды. Бес-алты жылда атқарылатын тiрлiктердi бес-алты айда бiтiргiсi келдi. Сондықтан болар кейбiр бастамалары кейiнгi әкiмдерге мұра болып қалды…
Ө.Шөкеев Шымкенттiң бас ауруына айналған «Қырғы» базардың айналасындағы көлiк кептелiн (пробка) бiржола шештi. Онымен айтысқа шыққан қаланың қалтасы қалың бай-манаптарының екi аяғын бiр етiкке тықты. «Бардак» базарлардың тоз-тозын шығарып, жан-жаққа көшiрiп жiбердi. Шымкентте тәртiп орнады. Қолдан ұйымдастырылған кейбiр наразылық шерулерiне пысқырып та қарамады. Ө.Шөкеев бiр шымкентке келген әкiм емес, боз кілемге шыққан палуан сияқты болды. Анау проблеманы оң жаңбасқа, мынау проблеманы соң жамбасқа алып сiлейтiп жатты. Шымкенттi гүлдендiру мен көркейтуге көп қаржы жұмсады. Бәз бiреулер сол қаржыны Ө.Шөкеев «жымқырып кеттi» деген гу-гу әңгіме шығарды.
Билiкте Өмiрзақ Шөкеев сияқты марқасқаларды мазақтап жазатын оппозициялық басылымдардың өзi нақты айыптаулар таға алмады. «Техас саксофоншысы» атты әйгiлi мақала осы Өмiрзақ Шөкеевтiң қызметтiк өмiрiн қамтыған. Шөкеевтiң 19 жылдан берi билiкте жүргенiне таңданған басылым «… Көрген көзге, домаланған дембелше денесiнен басқа айрықша ештеңесi күнi бүгiнге дейiн байқалмаған Өмiрзақтың билiктегi өмiрi неге ұзақ болды?» деп таңданыс бiлдiрiп, соған жауап iздеген. Тырнақ астынан кiр iздейтiн басылым Өмірзақ Шөкеевтiң Шымкенттегi еңбегiн жоққа шығара алмай дал болған.
Оппозициялық басылым Шөкеевтiң қызметтiк өрлеуiне, «бағының жануына» қайын атасы қолғабыс еткен дегендi ғана мiн етiп айтқан. Қазақта «қатын алма, қайын ал» демекшi, қайынатасының қадiрiн бiлген Шөкеевке рахмет! Қайынатаның қадiрiн бiлмей жүрген жексұрын күйеубалдардың тағдыры не болғанын жақсы білеміз ғой. Дегенмен, Өмiрзаққа мектептi «өте жақсы» деген бағамен бiтiруiне, жоғары оқу орнында «қызыл диплом» алғанына қайынатаның қатысы жоқ шығар. «Болар бала б…» деген ғой.
Сол кезде облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкеев енді Түркістан облысына әкім болып тағайындалып отыр. Ол Түркістандағы қарқынды құрылыстардың мәселесін ғана емес, табан астында болған Арыстағы апаттың салдарымен күресуге тура келді. Осы тірліктерде де Ө.Шөкеевке де мін айтып, сын тағып жатқандар да жоқ емес.
Ақан серi сияқты әуенмен келген Нұрғали Әшiмов сал-серi дәуренмен өткендей болды. Әшiмов табиғат аясында жиi серуендегендi, шаңғы тепкендi жақсы көрдi. Сылқым әкiмнiң кемшiлiктерi де жеткiлiктi болды. Кейбiр iстерде табансыздық, жалтақтық танытты. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген принциптi жиi ұстанды. Мiнезi жұмсақтау болды. Айтқан уәделерiн орындауға оншалықты құлықтық танытпады немесе әлi келмедi. Әшiмовтің кезiнде ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар көп болмады. Табиғи апат – су тасқыны орын алды. Көксарай құрылысы басталды. Саябақтарды мемлекетке қайтару жұмыстары жүргiзiлдi. Кадрлық ауыс-түйiстер жасалынды. Бұл әкiм де өзiнiң айналасына таныс-тамырларын, бiрге қызметтес болған азаматтарды тартты. Әкiмдiк қызметтi әкесiнен қалған мұрадай көретiн, тау қозғалса да бұл қозғалмайтындай болған Мақтарал ауданының бұрынғы әкiмi Омарбек Нұржановты қызметтен бiржола шететтi. Н.Әшiмовтің кезiнде бұрын-соңды болмаған оқиғалар орын алды. Созақ ауданы, Кентау, Арыс қалаларының әкiмдерi пара алып, ел-жұртқа масқара болды.
Нұрғали Әшiмов Шымкент қаласындағы саябақтардың жерiн мемлекетке қайтару жөнiнде жүргiзген жұмыстар кезiнде жергiлiктi кәсiпкерлердiң қатты қарсылығына тап болды. Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихаттың бiр топ депутаттары Президентке ашық хат жазды. Бұл әкiмдi депутаттар былай деп айыптады: «… Мы считаем что отцом шымкентского беспредела стал аким области Нургали Ашимов. Именно с его подачи суды завалены исками к бизнесменам. Именно на него ссылаются шымкентские судьи, вынося заочно заведомо незаконные решения не в пользу предпринимателей. Используя методы 30-х годов прошлого века, на коммерсантов натравливают прокуратуру, ГАСК, облкомзем, СЭС и прочие подведоместнные ему структуры.
Но мы не хотим больше терпеть произвол чиновников, живущих на деньги налогоплательщиков, а значит, и на наши деньги…» — деген. Теке-тiрестен ешкiм ұтпады. Халық ұтылмаса. Әшiмов әкiмдiк тақта көп отырған жоқ. Серi әкiм өз орынтағын Асқар Мырзахметовке босатып бердi.
Оңстүстік Қазақстан облысының әкімі болған Асқар Мырзахметов бұл аймақта 6 жыл 7 айдай қызмет атқарды. А.Мырзахметовтың тұсында көп тірліктер қолға алынып, көп жаңа нысандар бой көтеріп, Шымқаланың шырайы кірді.
Осы Асқар Мырзахметовтың тұсында баспасөзде оған қатысты көптеген сын мақалалар жазылды. «Борсықты ұра берсең, семіре береді» демекші, баспасөздің сынына ұшырап, шындықты мойындаған ол кейіннен министр лауазымына өсіп кетті. Қазір Жамбыл облысының әкімі. Кезінде осындай сынға ұшыраған З.Тұрсыбеков, Б.Сапарбаев та аттан түссе де, тақтан түспей, зейнеткерлікке шықса да, қызмет атқарып жүрген жайы бар. Бұл жерде облыс әкімі Асқар Мырзахметов жайлы билікте отырған тұста жазылған сын мақалаларымыздың тізімін ғана келтіріп кеткіміз келеді: «Сыбайлас жемқорлық жайлаған оңтүстік. Мырзахметовтың командасынан жұрт түңіліп отыр», «Мырзахметовтың цензурасының сиқы», «Құныққандардың құлқынын Мырзахметов тия алмады», «Суға кеткен тал қармайды, Асқар Мырзахметов сын мен шындықтан өлердей қорқады», ««Қазақтар» Мырзахметов пен Тағаеваға атой салды», «Түркістандағы көзбояушы тірлікке Мырзахметов көз жұмып қарап отыр», «Мырзахметов Әлиевті қорғаштап отыр ма?», «Мырзахметов 18 мың долларға сағат сатып алғанша, жетім-жесірді қуантса болмай ма?», «Южная паутина Аскара Мырзахметова» т.б. облыс әкімі болып тұрғанда бұдан басқа да көптеген мақалалардың кейіпкері болды. Оқырманға бұл оқиғалар тағы да қызық болып жатса, мен редактор болып жүрген тәуелсіз «Еркін ой» газетінің тігінділерін ақтарып қайта оқи жатар.
Соңғы кезде ғаламтор желісінде осы оңтүстікте прокуратура ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп жіберген кәсіпкер Нұркен Айнабеков: « … Осы погон киген құқықтың қылмыстың топтың осындай бассыздыққа бару себебі, сол кездегі сол кездегі ОҚО Асқар Мырзахметов пен сол кездегі ОҚО әкім аппараты басшысы болған Бәйділлә Жылқышиев бастаған жемқор, рейдерлік, алаяқтық, ҰҚТ мүшелері, менің бар дүниемді тартып алып бизнесіме толық тоқтау қойдырды» деп шырылдаған үнін есіттік. Бұл шым-шытырық оқиғаға қашан нүкте қойылатыны белгісіз. Бірақ кез келген адам өз өмірін жайдан-жай қиюға тәуекел етіп, Елбасы мен Президентке хат жазбайды ғой.
Ойда жоқта Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып келген Бейбіт Атамқұловтың артында ауыз толтырып айтарлықтай іс қалмады. Келгенінен кеткені тез болды. Әкімшілік жүйенің тыныс-тіршілігімен жетік таныса да алмай, тақтан тайды. Әкімдердің ішіндегі әкімшілік жүйені жақсы білмейтін ең әлсіз әкім осы болды деп ойлаймын.
«Жаманды айтып, жақсыны тақап қой» дегендей, өзінің жерлесі Өмірзақ Шөкеевке орынтағын босатып берген бұрынғы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төңкеріп тастаған тірлігі аз болды.
Осы әкім тұсында қу құлқынына тосқауыл қоя алмаған кадрлар көбейді. Бұл орын алған жемқорлық келеңсіздігі туралы Елбасымыз Н.Назарбаев «Нұр Отанның» басқосуында облыс әкімі Ж.Түймебаевқа қатты-қатты батырып сын айтты. Тіпті, бұл өңірде жұмысқа тұру үшін аула сыпырушыдан да пара алынатыны жайлы жағымсыз жаңалықты естіген жұрт, естен тана жаздады.
Жансейіт Түймебаев жаңа облысқа әкім болған тұста көзбояушылық көрмелер мен іс-шаралар көбейіп, «пиарлар» таусылмады. Мысалы, «қауын фест», «қызанақ фест», «палау фест», «қызғалдақ фест», «қарбыз фесттер» және бір форматта өткен жәрмеңкелер мен көрмелерге халық куә болды. Осы «фесттер» мен көрмелерге жұмсалған миллиондған қаржы мен әуре-сарсаңға түскен алтын уақытты есептесеңіздер бұл жерде шенеуніктер емес, қарапайым халық зардап шеккенін білуге болады. Халықтың: «… «фесттерден» мүйіз шыға ма? Басқа істейтін істерің жоқ па?» деп, айтқан ескертпелеріне де ешкім құлақ аспады. Көрмеге, «фесттерге» қатысушы облыс шаруаларының да ығыры шығып, тірліктері тоқтап, кері кетті.
Жансейіт Түймебаевтың осы бастамаларынан бюджеттің қаржысын уыстап шашқан басқармалар көп болса, қарапайым халықтың зардап шеккені деп түсінеміз. Көрмелерді, жәрмеңкелерді ұйымдастыруға бюджеттен миллиондап бөлінген қаржының есебін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, прокуратура т.б тексеруші органдар анықтап, қылмыс ашып жатса, оған да таң қалмаймыз.
Ж.Түймебаевтың үлкен қателіктерінің бірі кадр таңдауында. Түркия елінде көп жылдар елшілікте болған Жансейіт Түймебаевтың жаңа облыс құрылып, топалаңы шығып жатқанда, кадр таңдауда «қолыңнан келсе, қоншыңнан бас» деген тірлік жасап жатқандығы болды. Олардың орынтақтарына айналасына бұрын өзімен қызметтес болған және тәжірибесі жоқ туыс-жақындарына сенім артуы жағымсыз қоғамдық пікір тудырды. Жалпы, «фестқұмар» әкімнің тек кадр таңдауда ғана емес, облыстың экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында бетбұрыстар жасай алмағандығын жасыруға болмайды.
Бұрынғы облыс әкімдерінің тірлігі осындай болды. Ал, Шымкент қаласы басқарған әкімдердің халыққа жасаған жағдайы қандай болды?
Бұл туралы келесі постымызда жазатын боламыз.
Балтабек Түйетаев, «Еркін ой» газетінің редакторы