Түркістан қаласында «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде «Түркістан — рухани, қауіпсіз қала» тақырыбында форум өтті. Аталған форум Түркістан қаласы Полиция басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды.
Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаевтың мәлімдеуінше, қалада «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде қылмыстар саны төмендеген. Мәселен, «Керуен сарай» сауда әрі ойын-сауық кешенінің басшылығымен және «Бірлік» мөлтек ауданындағы кафе иелерімен кездесіп, қауіпсіздікті сақтау бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісімге келген. Сервистік полиция моделін қалыптастыру мақсатында «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз жол» іс-шараларын тұрақты түрде өткізіп, рейдтер ұйымдастырылған. Бұл жұмыстар өз жемісін беруде.
«Түркістан шаһарында тұрғындармен ашық әрі тығыз байланыс орнату, «сервистік полиция» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Түркістан қалалық полиция басқармасы басшылығының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау жұмыстары күшейтіле түсті. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрақтылықты ту ету басты орынға шықты. Шаһарда «Азаматтарға арналған қабылдау» фронт-кеңсесі жұмыс істеп тұр. Жаңа орталықтың ашылуы арқылы полиция қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді. Кеңес беріп, жаңа форматта жұмыс істеуде. Соның бірі – арыз, шағымдарды бейнежазу арқылы қабылдау. Арнайы техникамен жарақталған бөлме бар, сол жерде шағымданушының сөзін, айғақ заттарын таспаға басып алуға болады. Бұл өз кезегінде іс қағаздарының бұрмаланбауына әсер ететін бірден-бір фактор», – деп атап өтті қаланың бас полицейі.
Аталмыш форумға спортшы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров, медиаэксперт, журналист Өркен Кенжебек, сарапшы, журналист Нұрділда Ораз, кәсіпкер, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Олжас Сүлейменов, әнші, спортшы Ескендір Ибрагим арнайы спикер ретінде келді.
Сахна төріне шыққан спикерлер рухани астана атанып келе жатқан қала орталығын қауіпсіз қала ету төңірегінде өздерінің пікірлерін жеткізіп, көрермендермен пікір алмасты.
Форум соңында Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшысы тұрғындарды қоғам тыныштығын бірлесе қамтамасыз етуге шақырды.
«Түркістан – руханият орталығы әрі қауіпсіз қала. Біз осы ұстанымды жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Бұл ретте, киелі шаһардың тәртіп сақшылары өздеріне жүктелген міндеттер мен Президент, министрлік тапсырмаларын бұлжытпай орындауға күш салып келеді. Біз үшін басты құндылық – адам мен оның құқығы. Барша әріптестерімізді, Түркістан тұрғындарын бізбен бірлесе жұмыс істеп, қоғам тыныштығын қамтамасыз етуге шақырамын. Қоғам мен мемлекеттік мекемелер өзара үйлесімді байланыс орнатса ғана мемлекетіміз дамиды», – деді қорытынды сөзінде Б. Жанаев.
Айта кетсек, бүгінде Түркістан қаласының Полиция басқармасында 500-ден аса қызметкер еңбек етуде, оның ішінде 103 учаскелік полиция және 214 патрульдік инспекторлары қоғам тыныштығына үлес қосуда.
Түркістанда қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда енгізілген сервистік тәсілдің тәжірибесі кең етек алды. Бүгінде статистикалық деректер толықтай жинақталды. Халық арасында сауалнама жүргізіліп, қауіпсіздік мәселелеріне талдау жасалды. Түркістан қаласы әкімдігі жанынан құрылған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топпен атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.
Талдау барысында, Түркістан қаласында соңғы 3 жылда (2019-2021) «Ұрлық» қылмысы төмендегені анықталған. Алайда қоғамдық орындар мен мейрамханаларда орын алған бұзақылық қылмысы артқан. Соңғы үш жылда кафелерге түскен шақыртулар саны зерттелді. Нәтижесінде Жедел басқару орталығына осы уақыт ішінде 400-ге жуық шақырту түскен. Қаладағы тамақтандыру орындарының жалпы саны — 200. Қауіпсіздік мәселелерін жою жөніндегі ұсынымдар әзірленді.
Бір жыл бұрын Түркістан қаласы әкімдігінің жанынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі ведомствоаралық топ құрылған. Бұл топқа қалалық барлық құзырлы орган өкілдері кірді. Жобалық топтың зерттеулер жүргізуі заманауи шетелдік аналитикалық құралының көмегімен жүзеге асырылады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдің қолданыстағы модельден айырмашылығы — негізінен профилактикалық әдістерде, барлық мемлекеттік органдар мен қоғамның қауіпсіздік проблемаларын шешуде, құқық бұзушылықтарға емес, заңға бағынатын азаматтарға назар аудару басымдығында. Ведомствоаралық топ қала әкімінің өкімімен мемлекеттік құрылымдар мен халық арасында тұрақты сенімді қарым-қатынас құру негізінде қауіпсіздік проблемаларын анықтау және шешу мақсатында құрылды.
Жалпы, полицияның сервистік моделін кеңейту құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан қалалық полиция қызметкері Арман Алтаев ел тыныштығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жатса да, Түркістан жайлы әңгімелерін қағазға түсіріп, өте әсерлі өз оқырмандарына төмендегінше баяндап жеткізген.
Түркістан қаласында полиция басқармасының қызметкерлеріне де жаңа ғимараттар салып, жаңа автокөліктермен қамтамасыз етілген.
«…Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан ақын айтқандай, есейе келе осы қасиетті жер жайлы әңгімеге елеңдеп, азды-көпті мағлұматтарды санамызда сақтап жүрдік. Еліміз тәуелсіздік алып, өз қолымыз өзімізге жеткен кезде Түркістанның бағы жана бастады. Ұлтымыздың тарихи-этномәдени байлықтарына шынайы көңіл бөлініп, оларды қайта жаңғырту, әу бастағы қалпына келтіру жұмыстары қызу қолға алынды. Ресейден Тайқазан қайтып әкелінгенде бөркімізді аспанға лақтырып қуандық! Бұдан үш жыл бұрын Елбасымыз Түркістан өңірін ашу жөніндегі Жарлығын жариялағанда «Иә, Жасаған ием, қазақ елін тіл көзден сақтай гөр. Біз жоқ іздеген, кеткен кемшіліктерімізді түзеу жолында жүрген халықпыз ғой. Соның бір парасына тағы қол жетті» деп масаттандық, мақтандық.
Иә, Түркістан – бүкіл түбі бір түркі жұртының тал бесігі, тарихи Отаны. Оны көру, көңіл мен санаға сіңіру қазақ баласына парыз.
Алматыдағы «Nomad Alliance» туристік фирмасының ұйымдастыруымен әз Наурыз мерекесі қарсаңында 60 адам екі автобуспен жолға шықтық. Кешкі сағат 18-дің шамасы шаһардағы кептелістің қайнап тұрған шағы. Бір жүріп, бір тоқтап бензин мен газдың иісінен жүрегіміз айнып әзер дегенде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізіне іліктік. Есікпен төрдей сала құлаш қоян құлақ қытай автобусы жайлы жолға шығысымен құландай құлдырап, жер апшысын қуырып жүре берді. Қордайдан асып, Таразды басып таң алакеуімде шырайлы Шым қалаға жеттік. Жеке билік неге жаман болсын, мәртебесі өскен осы үш жылда Шымкенттің де түр-түсі бұрынғыдан да тартымды бола түсіпті. Әртүрлі шамдармен әрленген қала көздің жауын алғандай. Жаңа құрылыстар мен мұндалайды. Бәйдібек батырдың ескерткіші асқақ та айбарлы көрінеді.
Білетіндер «Түркістан бұл жерден 160 шақырым» десті. Қазіргі жүйрік көліктерге бұл жұқ емес, сағат сегізде Арыстан бапқа ат басын тіредік. Бабамызға құран бағыштап, садақамызды салып, кермек дәмді құдықтағы зәмзәм суынан іштік. Киелі баба мавзолейінің салыну тарихы көзқарақты оқырманға қашаннан белгілі. Оны мен қайталамай-ақ қояйын. Қазақтың бертіндегі біртуар ұлы – Өзбекәлі Жәнібековтің де осы жерде жанбасы жерге тиген екен. Көрнекті етіп мазар салыныпты, жарықтық оған алтыннан ескерткіш қойса да артық балмайтын адам еді-ау! Осы бабалар ескерткішін қызғыштай қорғап, Кеңес заманның өзінде жарғақ құлағы жастыққа тимей өтті емес пе? Біреу сенер, біреу сенбес баяғыда комсомол қызметкері болып жүрген кезде осы асыл азаматпен дастархандас болып, халыққа жасаған талай игілікті ісінің куәгері болған едім. Енді сол тұрғыдан бірауыз сөз айта кетейін.
1971 жылы Торғай облысы құрылып, Өзекең облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшылығына тағайындалды. Сол кезде 35-40-тардың шамасында болуы керек. Жалындап жанып тұрған шағы. Елдің бәрі Құсайынов емес Жәнібеков десе қоғадай жапырылады. Жүрген-тұрғаны, айтқан сөзі бір аңыз. «Ойбой, Жәнібеков өйтіпті, бүйтіпті» деген әңгімелерде есеп жоқ. Бәрі азаматты мақтан тұтады. Ол кеудесіне нан піскен талай өзге ұлт өкілдерін тәубасына келтіріп, шопандар сілетінде тұңғыш рет қазақша баяндама жасатып, Арқалықта ұлттық музей ашқызып, қазақ театрының қазығын қағып, өңірге ұлттық рең берді емес пе? Жаны жанатта, жатқан жері жайлы болсын жарықтықтың!
Енді негізгі тақырыбыма оралайын. Туристерді Арыстан бап мазарын тамашалап болғаннан кейін, жол басшымыз атақты Отырар қаласының орнын көруге шақырды. Жалпы осы сапарда біз Арыстан бап, Әзірет Сұлтан, Домалақ ана, Қазығұрт, Ақмешіт жер асты үңгірі, Айша бибі сияқты оңтүстік өңірдегі киелі де қасиетті орындарды көріп, тамашалауға тиіспіз. Жол басшымыз олардың әрқайсысының қыс-қаша тарихын айтып, азды-көпті мағлұмат беруде.
Отырар орны – алып кешен. Үн-түнсіз, томаға-тұйық жатқан төбелердің асты толған сыр сандық. Соның ашылған бір қабырғасында ерте дәуірде жүргізілген жер асты су құбыры, монша сияқтылардың сұлбасы көрінді. Қала қақпасындағы қарауыл төбеге сан алуан бұрылысты, сыбызғыдай тар баспалдақпен әупірімдеп шығып, айналаға көз салдық. Қазақтың кәдімгі сағымды сары даласы. Терістік жағында ұшы қиырсыз Сарыарқа, оңтүстігінде қазыналы Қаратау мен мұндалағандай болады. Жергілікті архитекторлар мен қолөнер шеберлері, құрылысшылар барынша бұрынғы Отырардың кейпін көз алдыңа әкелуге тырысып, саналуан ғимараттар салыпты. Әлі де салып жатыр. Соларды көріп тұрып «Шіркін-ай, Шыңғыс бахадүр қалай ғана көзі қиып осы қаланы құлатты екен» деп ойлайсың. Бірақ, әр нәрсенің себебі бар. Бәлкім Отырардың әмірі Қарахан Шыңғысханның 500 елші-саудагерін өлтіріп тастамағанда Шыңғысхан қаланы қиратпас па еді, қайтер еді?! Осындай да ойға қаласың.
Түркістан қаласындағы ең сәулет-ті, ең биік ғимарат – Әзірет Сұлтан мавзолейі сияқты. Қалалықтардың айтуы бойынша, ешбір құрылыс бұдан биік болмайтын көрінеді. Үлгілік, жақсы қағидат. Мәселен, АҚШ-тың әкімшілік орталығы Вашингтонда Капитолиден биік құрылыс жоқ. Мавзолей шығыстың сәулет өнерінің ең үздік дәстүрімен аса көрнекті етіп салынған екен. Жан-жағына ағаш егіліп, гүл отырғызылып, енді абаттандырылып жатыр. Ішкі құрылысы да көз сүйсіндіргендей, сегіз бөлмеден тұрады. Орталық залының биіктігі 44 метр, қақ ортада жеті түрлі металл қосындысынан құйылған Тайқазан. Оның аумағы 3 метр, салмағы 2 тонна көрінеді.
Енді Қожа Ахмет немесе халық арасында айтылатындай Әзірет Сұлтан кім? Ол – ұлы ойшыл, ақын, аруақты, киелі адам болған. Арыстан баптың шәкірті. Сондықтан бүкіл түркі жұрты бұл жерді киелі деп есептейді. Мұнда келіп зиярат ету Меккеге барғанмен пара-пар деп айтылады. Осында арғы-бергі кезеңде халқымыздың 164 әйгілі тұлғалары жерленген. Оның 21-і ел басқарған хандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар мен билер, қалғандары да ел аузына іліккен сыйлы азаматтар.
Сөз арасында тағы бір ерекше айта кететін жай мынау. Киелі орындарға баратын кірме жолдардың бәрі де заманның талабына сай жөнделіпті. Мазарлардың жан-жағы қоршалған, абаттандырылған, санитарлық жағдайы ескерілген. Туристерге керегі де осы ғой. Әсіресе, Арыстан бап, Әзірет Сұлтан, Домалақ ана, Айша бибі мазарларының күтімі ерекше көз тартады. Келушілерді қызықтыратын тағы бір ғимарат жер асты үңгірі болар деп ойлаймын. Сырттай қарағанда бұл жай төбешік сияқты. Бір жағы терең сай. Үңгірге барар жолға баспалдақ төселген. Үңгір ішінде аспалы темір саты бар. Аңыз бойынша мұны «Айдаһар ұясы» дейді екен. Ішіне кемінде 500 адам сыятындай алып үңгір. Биіктігі 5-6 метрден кем емес. Бір қарағанда кәдімгі жұмыртқаны көз алдыңа елестетеді. Шындығында, айдаһардың балапаны ай-күні жеткенде жұмыртқаны тұмсығымен тесіп, ұшып шыққан сияқты. Үңгірдің ішінде қираған тас үгінділері әр жерде шашылып жатыр. Құдайдың құдіретімен үңгірдің күн сәулесі түсетін аузында зәулім қара ағаш өсіп тұр.
Түркістан қаласын бүкіл қазақ елі жұдырықтай жұмылып, бірлесіп салып жатқаны жамағатқа мәлім. Дегенмен, таратып айтатын болсақ, Шымкент қаласы аумағы 8,4 мың шаршы метр құрайтын ғылыми-әмбебап кітапхана, Алматы қаласы ауданы 3 мың шаршы метрлік Медиа-орталық, Елорда 5,4 гектарды алып жатқан демалыс алаңын салып тастапты. Оның 30 мың шаршы метріне ағаш егіледі, 20 мың шаршы метріне жаяу жүргіншілер жолы салынады. Атыраулықтар 10,8 миллиард теңге инвестиция құйған. Ақтөбеліктер 500 орындық драма театр салып жатыр. Батысқазақстандықтар 500 орындық концерт залын, қостанайлықтар Неке қию сарайын салып бермек, қызылордалықтар 100 адамға арналған Шығыс моншасын тұрғызып тастапты. Енді Шығыс базары немесе Венеция деп аталатын аудан көрінісі тіпті керемет. Онда келушілер арнайы моторлы қайықтармен серуендейді. «Көп түкірсе – көл» деген осы. Киелі Түркістан күн санап өзінің келісті келбетімен көз сүйсіндіріп бара жатыр.
Рас, Түркістан қаласы соңғы үш жылда адам танымастай өзгерді. Өйткені, бір ғана 2020 жылдың 10 айында өңірдің мәдениет, спорт сияқты салаларына 93 млрд теңгеден астам инвестиция құйылыпты. Бұл толымды тірлік бюджет қаражатымен қатар демеушілер мен инвесторлар есебінен де жүзеге асып жатқаны қуантады.
Қорытындылай айтқанда, осы игі-лікті істердің түп қазығында бір-ақ нәрсе тұр. Ол – тәуелсіздік игілігі, ел бірлігі мен ынтымағы. Қазақ халқының ішкі энергетикасының мықтылығы, тәу заманнан бері ата-бабаларымыздан қалған жер асты, жер үсті байлығымыздың арқасы.
ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІ ЗОР
Жалпы, полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Түркістан қаласында қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Десек те, полиция қызметкерлерінің қызметін бағалау критерийлері қайта қарауды қажет етеді. Бізге ІІМ реформалау тек идеялар мен ұсыныстар жиынтығы ғана емес екенін түсіну керек. Реформаның өзі Грузиядағыдай түбірімен өзгеріс немесе белгілі бір нүктелер ғана өзгеруі мүмкін дегенді білдіреді. Мәселен, Балтық елдері мен Грузиядағы полиция қызметін реформалау кезіндегі жолдары мен тәсілдері баршаға мәлім. Бұл реформалар шыны керек, оңайлықпен іске аспайды. Сондықтан, полиция болмысы қазақ ұлттық полициясына айналуы тиіс. Ол үшін, билеп-төстеуге бейімделген кеңестік милиция тұжырымына тоқтау салып, біржола жерінуіміз қажет. Өйткені, тарихты парақтап, парықтасақ, кеңестік милиция о баста құрылған кезде адамды, адам құқығын, Конституция мен заңды қорғау үшін құрылмағандығын түйсінесің. Олардың басты мақсаты саяси режимді қорғау, соған қарсы шыққандарды аяусыз жаншу, отарлау, күресу болатын. Сол себепті, қазақ полициясы отарлық милицияның ізімен емес, шындықтың жүзіне тік қарап, тәуелсіз елдің азаматтарының арман-мұраты мен мүддесінен туған, отаншыл институтқа айналуы қажет. Туыстықтан көрі, турашылдықа бет бұрғаны абзал. Мұндай жүйенің әр бағытын біз жан-жақты талдап-талқылап, зерттеуіміз керек. Әйтпесе, полицияның, киімін өзгерткенімізбен пейілін өзгерте алмаймыз.
Қазақстан – адам санына шаққандағы полиция қызметкерлері саны жағынан әлем бойынша алтыншы орында тұрған мемлекет. Оған мысал – «Forbes» журналының зерттеуінде келтірілген деректер. Қазіргі кезде Қазақстандағы күштік құрылым қызметкерлерінің саны қайтадан кеңес заманындағы көрсеткіштерге жеткен екен. Мәселен,100 мың адамға шағар болсақ, елімізде 32,2 прокурор, 12,8 судья, 608,8 полиция қызметкері, 488,2 әскери қызметкер, 35,3 кеденші, 52,1 салық жинаушы, 19,9 қаржы полициясының қызметкері бар. Ал, кеңес заманында 100 мың адамға шаққанда 28,7 прокурор, 3,7 мың судья, 222,6 милиция қызметкері, 1111,8 әскери қызметкер, 18,8 кеденші, 24,7 салық жинаушы, 4 БХСС қызметкері болған екен. Байқағанымыздай кеңес заманынан бері тек әскерилер мен судьялардың саны ғана азайған.
Бұл сандарды қарап отырып, тағы да бір ой қылаң береді. Бізге саннан сапаға көшетін кез келген сияқты. Бүгінде Түркістан қаласында полиция қызметі көптің көңілінен шығуда. Қала ең «ақылды» инновациялық технологиялармен жабдықталған. Шаһардың әр бұрышы мен қуысында – соңғы үлгідегі бейнекамералар. Полиция болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандық. Полиция мен әскери қызметкерлерді тек әуежайдан және мемлекеттік мекемелерден ғана көресің. Заң – өте қатал. Айыппұлдың бағасы да өте жоғары. Содан болар, ешкім артық қадамға барғысы келмейді. Бұл заңды сырттан келгендердің өзі қатаң сақтайды. Сондықтан, полиция қызметіне әскерден кейін орналаса беретін мамандық ретіндегі жүйеден арылту керек. Полиция болу ғарышкер болудың деңгейімен бірдей қол жетпес мамандыққа айналғаны дұрыс. Физикалық және адами тұрғыда мықтылық, білім, кез келген заңды жете меңгеруі қатаң талап етілмей, тың серпіліс болмас. Полиция қызметі мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, жемқорлықпен ат құйрығын кесіскен мамандық болу тиіс. Сондықтан, құқық қорғау органдарының кейбір бөлімшелерін оңтайландыру шарасы күтіп тұр. Осы орайда функционалды талдау жасаумен, шетелдік тәжірибені отандық жүйемен салыстыру арқылы нақты қадамдар жасап, полиция қызметкерлерінің қаржылық жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына қатысты дұрыс шешімдер қабылдау – кезек күттірмейтін мәселе. Яғни, саннан сапаға көшу міндеті тұр.
Жұмыстағы басты ұстаным – кішіпейілдік
Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударылуда.
– Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Ішкі істер департаментінде полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді деген сөз. Әмбебап полицей кейде педагогтың да рөліне еніп кететін жағдайлар болады. Мәселен, жол ережесін бұзған жаяу жүргіншіге «Жолдың белгіленбеген жерінен өту өміріңізге қауіпті, сіз жол ережесін өрескел бұзып тұрсыз», – деп ескерту жасаймыз. Қарсылық танытатындар болады. Ережемен таныстырып, ол өзінің ғана емес, қасындағы баласының да өмірін қатерге тігіп тұрғандығын баса айтамыз. Бүгін анасымен бірге жолдың кез келген жерінен кесіп өткен бала ертең көшеге жалғыз шыға қалса, тап солай анасының қателігін айнытпай қайталары сөзсіз. Міне, осыны жол инспекторы асықпай дәлелдермен түсіндіріп айтамыз. Мұның барлығы адамдардың қауіпсіздігі үшін атқарылатын жұмыс, – дейді Түркістан қалалық жол патрульдік полиция инспекторы. Жасыратыны жоқ. Кейбіреуіміз «Шақырғанда келмейді», «дөрекі сөйлеседі», «сылбыр қимылдайды», «дұрыс жауап бермейді» деп сын-ескертпелерді жаудырамыз. Жалпы, полицияға қатысты бала күннен қалыптасқан қате көзқарас бар. Бізге осы көзқарастан арылатын кез келді. Ал, бір сәт өзімізді сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың да «ойнап жүрмегенін» түсінген болар едік. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – біздердің әрқайсымыздың міндетіміз.