Балалардың жол апаты кезінде болатын жарақатының алдын алу және жол-көлік оқиғаларын азайту аясында Түркістан қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары облыс орталығында орналасқан Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізді.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары балаларға жолда өзін қалай ұстау керектігі, сондай-ақ жол қозғалысы ережелері мен жол белгілерінің мағынасын түсіндірді. Сондай-ақ, балалардың жолда жүру, жолда қай тұстан және қалай дұрыс өту, жол маңындағы ойындар несімен қауіпті екендігі айтылып, бағдаршам мен реттеушінің сигналдарының талаптарын сақтау ережелері көрсетілді. Мектеп оқушылары полицейлермен бірге алған білімдерін іс жүзінде жүзеге асыру үшін мектеп жанында орналасқан жаяу жүргіншілер өткеліне шықты. Полицейлер балаларға жолдан өтпес бұрын міндетті түрде оң және сол жағына мұқият қарап, содан соң барып өтуге кеңес берді.