Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Ұлттық ұланды сан мен сапа тұрғысынан нығайту, өңірлерде оның жаңа бөлімшелерін жасақтап, бар бөлімшелерді күшейту, көліктік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажеттігін айтты. Бұл мәселе Түркістан қаласында жүзеге асуы мүмкін.
Бүгінде әскеріміздің әлеуеті, ел қорғаны болар мүмкіндігі жөнінде жиі айтыла бастағаны мәлім. Оған негіз болған себептер де жоқ емес. Ал әлем елдерінің қарулы күштер құрамындағы тұрақты әскер саны бойынша 2021 жылғы рейтингінде Қазақстан 166 елдің ішінде 70-орында тұр. Рейтингтегі мәлімет бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің тұрақты әскер саны – 39 мың. Қарулы күштерге жатпайтын әскерилендірілген құрылымдарда 31,5 мың адам жұмыс істейді. Яғни бұл дерек елімізде 70,5 мың әскери адам жұмыс істейді, 10 мың тұрғынына 38 адамнан келетінін аңғартады. Жалпы, елде әскери қызметкер саны – 135 мың. ТМД елдерінің арасында Қазақстанның алдында Ресей (5-орын), Украина (21-орын), Әзербайжан (41-орын), Өзбекстан (63-орын), Беларусь (64-орын), Армения (66-орын) жоғары тұр. Ал Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Молдова мемлекеттері – Қазақстаннан төменгі орындарда. Өткен жылдың үшінші тоқсанындағы дерек бойынша мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында жұмыс істейтіндер саны 483,2 мың адам болған.
Бұл алдыңғы жылдан 1,9%-ға аз. Әскеріміздің күш-қуатын арттырып, әскери қызметшілердің жағдайын жасауға бағытталған игі қадамдар баршылық. Дегенмен, сұранысқа ие әскери мамандар даярлайтын оқу орындарын ашу – кезек күттірмейтін мәселе екенін айтушылар да жоқ емес. Осы орайда «Егемен Қазақстанның» Түркістан қаласындаға меншікті тілшісіне хабарласқан Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры әскери мектептер ашуды шұғыл түрде қолға алу қажет деп есептейтінін айтты.
Колледж директоры бұл бағытта нақты жоспар-жоба әзірлеп, пікір-ұсыныстарын тиісті орындарға жеткізген де екен. Ендігі кезекте ел газеті арқылы көпшілік талқысына салып, бұл мәселеге тиісті министрліктер назарын аударғысы келеді. «Облыс орталығы Түркістан қаласына ауысқалы бері мұнда техникалық мамандарды даярлайтын оқу орнының жоқтығы білініп жатыр. Жаңадан әскери-патриоттық орталық ашсақ, онда әскери техникалардың, ұшқышсыз басқарылатын дрондардың тілін меңгерген ІТ мамандарын даярлайтын едік. Мен Түркістан қаласында әскери мектеп ашу жөніндегі мәселені 2015 жылдан бері көтеріп келемін. Сол кездегі Қорғаныс министрі қабылдауында болып, мәселені егжей-тегжейлі түсіндірдім. Министрліктің менің ұсынысыма қолдау білдіргені жөнінде арнайы хат та алдым. Осы хатқа сүйеніп, сол кездегі облыс басшысына да кірдім. Алайда уақыт өте келе басшы ауысып, облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуына байланысты мектеп ашу ісі кейінге қалдырылды. Өйткені Түркістан қалаында жастарға әскери-патриоттық бағытта тәрбие беретін мектептер жоқтың қасы. Ал бұрынғы әскери мектептердің Шымкент қаласының құрамында қалғанын ескерсек, еңсесін енді тіктеп келе жатқан облыс үшін әскери білім беретін оқу орнының қажет екендігі анық. Жоба бойынша жастар мектепте 3 жыл әскери білім алады. Бұл бағыт бойынша тәжірибеміз де жеткілікті. Осы кезге дейін қалада қарттар үйін, балаларға арналған арнайы мектеп-интернат, содан кейін Түркістан политехникалық колледжін Түркістан қазақ-неміс колледжі ретінде қайта ашу секілді бастамалардың басы-қасында жүрдім. Ендігі мақсатым – жастарды әскерге баулитын мектеп ашу. Оқу орнының материалдық базасы ретінде қалада бос тұрған экскаватор зауытының әкімшілік ғимаратын пайдалануға болады. Әскери мектепте жастарға арнайы мамандықтар бойынша білім беріледі. Бұл мәселе бойынша қалалық полиция департаменті, ҰҚҚ, ТЖ, Шекара қызметінің басшыларымен ақылдаса келе, оларға қажетті сұранысқа ие мамандықтардың тізімі жасалды. Сала басшылары, әсіресе, кинолог-ветеринар мамандарды көптеп даярлауға ұсыныс білдіріп отыр. Шынында, бізге қылмыстың ізіне түсу үшін білікті кинолог-ветеринар мамандардың қажет екендігі анық».
Колледж директорының пайымдауынша, еліміздің шекара шебін күндіз-түні күзететін атты әскерлер жылқының бабын білетін мамандарға зәру. Ал кинолог мамандар тек Алматы қаласында даярланады. Яғни оқу базасында жастар бұрын болған, дегенмен уақыты келе ұмытыла бастаған мамандықтар бойынша да даярлықтан өтеді. Сондай-ақ еліміздегі ұшқышсыз басқарылатын техникаларды меңгеруге бағытталған ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізетін инженерлік топ та жұмыс істейтін болады. Қазіргі кезеңде әскери саладағы IT мамандарды даярлауға сұраныс жоғары. «Өскелең ұрпақты жастайынан әскери өмірге баулу керек. Әсіресе, оларды әскери салаға қызықтыру мақсатында Түркістан қаласының аумағынан арнайы жер телімін алып, жаяу әскер, әуе күштері және теңіз-құрлық әскерінің ескірген техникаларын көрме ретінде орналастырсақ, көптеген жастардың қызығушылығы артар еді. Заманауи әскери мектеп 100 шәкіртке лайықталмақ. Әр студентке арнайы шәкіртақы тағайындау мәселесін де шешуге болады. Материалдық базаға сай әскери тәртіп, сабақтардың жүйелілігі, дуалды оқыту бойынша оқу корпустары мен жатын орынмен жабдықталады. Бітіріп шыққан түлектерге жоғары оқу орнына түсу үшін арнайы жолдама беру жағы да қарастырылған. Әскери-патриоттық орталығы қаладағы адами әлеуетті дамыту басқармасына бағынысты болып, Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы мекемеге айналады. Бұлай болуының да өзіндік себебі бар. Елімізде ашылған «Жас Ұлан» әскери мектептері Қорғаныс министрлігіне қараса, екінші жағынан Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне кіреді. Қаржыландыру толығымен адами әлеуетті дамыту басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Әскери-патриоттық орталықты қажетті кадрлармен толықтыру мәселесі де ойластырылды. Сабақ беруге отставкаға шыққан генералдар мен полкониктер шақырылады. Жасыратыны жоқ, Ресейдің қорғаныс министрлігіне қарасты «Рособоронэкспорт» акционерлік қоғамының өкілдері әскери мектеп ашуға ерекше қызығушылық білдірді. Оны «Орталықазиялық әскери оқу орны» деп атауға дайын. Әрі олар әскери техникалар мен қажетті қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге құлықты болып отыр. Қалай болғанда да, бұл кешеуілдетпей қолға алатын мәселе деп ойлаймыз.
Айта кетелік, кейбір сарапшылар Қарулы Күштердің саны халықтың шамамен 1%-ын құрауы керек, яғни Қазақстанда армия 180 мың әскери қызметкерден тұруы керек деп санайды. Бұл тұжырыммен келіспейтіндер де бар. Олар Қарулы Күштердің, мысалы 180 мың адамға дейін, яғни 2,5 еседен астамға ұлғаюы елдің қаржылық ресурстарының тұтынылуын едәуір арттыратынын айтады.