Біздің халқымыз қашанда өскелең ұрпақтың тәрбиесіне баса көңіл бөлген. Атаның ақылымен, ананың ақ сүтімен дарыған қасиет елімізде талай дарынды, алып таудай тұлғаны қалыптастырды. Қазіргі жаңару ғасыры осы ұлттық-дәстүрлі құндылықтарымызға кері әсерін тигізіп жатқандай. Олай дейтініміз, сөз ұқпайтын, әлімжеттік секілді келеңсіз жағдайларға жол беретін жастар қатары көбейгендей. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген еді. Бұл сөз күні бүгінге дейін құндылығын жоймады. Бүгінгі сұхбат – Түркістан қаласы бойынша кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу, болдырмауға, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен міндетіне, ұрпақ тәрбиесіндегі ескерер маңызды жайттарға арналмақ. Бұл жайлы толығырақ Түркістан қаласы Полиция басқармасы Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Бегімхан Төреханұлы Ахметов айтып беретін болады.
– Жалпы, киелі топырақ Түркістан қаласы жастарының қылмыстық ахуалы қандай? Тәрбие жағынан не айта аласыз? Өткен жылы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылды?
– Түркістан қаласы Полиция басқармасының жасөспірімдерге қатысты саласына келгеніме енді бір айдан астам уақыт өтті. Дегенмен, Ішкі істер органында еңбек етіп жүргеніме 20 жыл уақыт болып қалды. Сондықтан қай сала болмасын, мұндағы жағдай таныс. Жастардың арасындағы қылмыстарды болдырмауда облыстық полицейлер күні-түні қызмет етуде. Жалпы, Түркістан қаласы аумағында 800 000-нан астам жасөспірім тұрады, бұл облыс халқының 42,5 пайызын құрайды. Жалпы білім беретін мектептер саны – 907, онда 514 мыңнан астам оқушылар білім алады. Арнайы орта оқу орындарының саны – 66, онда 48 мыңға жуық студент оқиды.
Түркістан қаласы Полиция басқармасының бастығы басшылығымен, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті іс-шаралар қабылданып, іске асырылуда.
Қала көлемінде құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған 191-ден астам профилактикалық іс-шара өткізіліп («Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Түнгі рейд», «Қауіпсіз қала», «Тұрмыс», тағы басқа), нәтижесінде жергілікті аудандық, қалалық полиция бөлімдеріне әртүрлі себептермен – 6000-нан астам жасөспірім жеткізілген. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшесіне – 700-ге жуық жасөспірім профилактикалық есепке алынған. 2019 жылдың қорытындысымен қаламызда.
· Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар 4,5 пайызға;
· Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар 7,4 пайызға төмендеді.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген.
Сондықтан жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне барлығымыз ерекше көңіл бөлуіміз керек. Сол кезде біздің жастарымыз бәсекеге қабілетті, Отанын сүйетін, елге қызмет ететін ұрпақ болары сөзсіз дегім келеді.
– Мұнымен айтпағыңыз, көбіне жасөспірімдер арасындағы қылмыс ата-аналарының бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, қараусыз қалдыратыны салдарынан болатындығы ма?
– Өкінішті, көп жағдайда солай, оны жасыра алмаймыз. Баланың айналамен қарым-қатынасына, өмірге деген көзқарасына, санасының және мінез-құлқының қалыптасуына бірінші кезекте ата-ананың тәрбиесінің рөлі зор. Мемлекетіміздің заңдылығында ата-ананың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісті дәрежеде орындамағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген. Алайда, бұл шара жасөспірімдермен құқыққа қарсы іс-әрекет жасалып болған соң қолданылады.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда бізді алаңдатып отырған басты мәселе – қылмыстарды бұрынғыдай жайсыз отбасыларынан немесе тағы басқа да әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан жасөспірімдер емес, басым көпшілігі – толық, материалдық жағдайы қанағаттанарлық отбасында өскен кәмелетке толмағандармен жасалуында. Мәселен, өткен жылы полиция органдарында «құқық бұзушылық жасауға бейім» деген есебінде тұрған 567 жасөспіріммен бірде-бір қылмыс жасалмаған. Керісінше, жоғарыда атап өткендей, отбасылық жағдайы жақсы жанұяда тұратындармен жасалған. Осының алдын алу мақсатында әкімдік, мектеп, полиция тарапынан жасөспірімдерді тәрбиелеу, оларды қадағалау, құқыққа қарсы іс-әрекеттерге бармау бойынша тиісті профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Екінші мәселе – қаладағы орналасқан көптеген ойынханалар мен компьютер клубтары балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп, қатігездік, пайдакүнемдік қасиеттерді қалыптастыруда. Олардың негізгі жұмыс уақыты шектелмегені де біршама қиындықтар тудыруда. Заңмен жасөспірімдерге тек түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орталықтарына бармау қарастырылған. Алайда көбіне оқушы-студент жастар сабақтан кейінгі уақытта осындай орындарға баруға талпынады. Үйде қадағалап отырған ата-ана жоқ. Сосын балалар қыдыру үшін қажет ақшаны ұрлыққа түсіп, басқа жасөспірімдерден ақша, ұялы телефондарын тартып алу сияқты қылмыстар жасап, табатыны да жасырын емес.
– Қазіргі таңда қалада қаншама ойын клубтары бар? Осы жерлерде отыратын балалардың ата-аналарына көрілген шаралар жайлы айтып өтсеңіз?
– Негізінде қала, аудан, елді-мекендердегі ойынханалардың жұмыстарын реттеу бойынша тиісті жұмыс жасалуда. Әлі де болса атқарылар жұмыстар көптеп қажет деп есептейміз. Сонымен қатар бұл жағдайда балалардың мұндай орындарға баруын қадағалау, шектеу бірінші кезекте ата-ана тарапынан болуы тиістігін атап өткіміз келеді. Негізінде қала аумағында 100-ге жуық компьютер ойынханалары мен интернет-клубтары бар. 2019 жыл жасөспірімдердің түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында болуына жол бергендері үшін 78 мекеме иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс орындарда ересектердің қарауынсыз жүргені үшін 4846 ата-ана ҚР Әкімшілік кодексінің 442 бабымен жауапкершілікке тартылды. Балаларының тәрбиесіне салғырт, немқұрайлы қарағаны үшін – 366 қолайсыз отбасы тізімдік есепке қойылған. Бала тәрбиесіне және олардың білім алуына көңіл бөлмей, өздерінің ата-аналық міндетіне салғырт қарап, оны орындамай жүрген – 243 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар 27 ата-ана ата-аналық парыздарынан орындамағаны үшін ата-аналық құқығынан айырылды.
– Дұрыс-ақ, ата-аналардың баланы жақсы етіп тәрбиелеуде алатын орындары ерекше. Осы тұста мектеп әкімшілігі тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? Оқушылардың қауіпсіз болуы үшін барлық жағдайлар қарастырылған ба? Мектеп инспекторлары жеткілікті ме деген сауал туады?
– Сұрағыңыз орынды. Оқу орындарындағы шәкірттердің қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесіне келетін болсақ, қаламызда барлық мектептерде бейнекамералар орнатылған. Алайда кейбір мектептерде камералар тиісті деңгейде жұмыс істемеуде. Мектептерді күзет ұйымдарына өткізу тәртібін ұйымдастыру, турникеттер орнату, сондай-ақ мектепке кіру үшін тыйым салынған заттардың тізімін бекіту қажет. Мектеп аумағында құқықтық тәртіпті сақтау үшін мектеп полиция инспекторлары институты жұмыс атқаруда. Қаламыздағы 907 мектепке бар-жоғы 122 мектеп инспекторлары ғана қызмет жасайды. Тиісті нормаларына сәйкес қосымша 566 мектеп инспекторын енгізу қажет етеді. Әрбір білім ошағына жеке мектеп инспекторлары бекітілген жағдайда, кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмыстарды тиісті деңгейде қамтамасыз етуге болады деп есептейміз. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар осы мәселені шешсе дұрыс болар еді…
– Әрине, болмай тұрған дүниені айтып отыру мәселенің тезірек шешілуіне түрткі болмақ. Осы орайда, мынадай сұрақ туындап тұрғаны. Жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік апаттарына тоқталып өтсеңіз?
– Бүгінгі күні жасөспірімдердің қатысуымен болған ЖКО мен өрт апаты, балалардың қараусыз қалған тұрмыстық жағдайларда кездесетін оқыс оқиғалардың алдын алу – маңызды мәселе. 2019 жылы қала бойынша жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақат алған жасөспірімдер саны – 200-ден асады.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған ЖКО-ның негізгі себебі жол қозғалысы ережелерін білмеуі және жол инфрақұрылымының жетілдірілмеуінің салдарынан болып отыр. Осыған байланысты полицейлер оқу жылының басынан көше-жол желісін тексеру жұмыстарын жүргізді. Барлық оқу орындарының жанында жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылып, жол белгілері орнатылды деп айта аламыз. Оқушылар мен көлік жүргізушілеріне тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
– Қазіргі таңда өзекті мәселелердің тағы бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу екені даусыз. Бұл бойынша Түркістан қаласындағы жағдай қандай?
– Бізде де мұндай жайттар болып тұратыны жасырын емес. Қаламызда кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының 80 жайты тіркелген. Кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауының ең көп таралған себептері туыстарымен және ата-аналарымен қақтығыстар, сондай-ақ отбасында түсіністіктің болмауы, қоғамдағы жалғыздық сезімі болып табылады.
Өкінішке орай, қазіргі таңда тиісті дәрежеде тәрбие бере алмайтын ата-аналар бар. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі өзекті мәселелерді топтық талқылау, өмірлік тәжірибе алмасу және мамандардан кеңес алу үшін мектептер жанынан отбасылық ағартудың біртұтас жүйесін құру қажет деп ойлаймыз.
– Сіздің әңгімеңізден Түркістан қаласында жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмауда жүйелі жұмыстар жасалып, бірнешесі едәуір төмендегенін байқауға болады. Бұл да болса, қала полицейлерінің қарқынды жұмыстарының нәтижесі деп білеміз. Осы орайда, әңгіме арнасын өзіңіздің отбасыңызға қарай бұрсақ. Әке-анаңыз берген тәлімді тәрбиені сөз етсеңіз?
– Рахмет, ашық сұхбатыңызға. Түркістан қаласындағы жастар арасындағы қылмыстан басталған сұхбатымыз, Сіздің өмір жолыңыз, жұмыстағы тәжірибеңізбен аяқталды. Сөз соңында, отбасыңызға амандық тілейміз! Жастарымыз жат қылықтан аулақ болсын, еңбектеріңіз елене берсін дегім келеді!
Сұхбаттасқан А.Байжігіт