Түркістан қаласында әскери кәсіп пен әскери қызметтің қоғамда беделін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда.
Әскери бөлімдер әскери қалашықтарда орналастырылады.
Әскери қалашық деп бір жер учаскесінде орналасқан және әскери бөлімдерді пәтерлерге орналастыру үшін, сондай-ақ Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін, азаматтық персоналын орналастыру үшін айқындалған мақсатына арналған ғимараттар мен құрылыстар кешені түсініледі.
Әскери қалашықтар жабық, оқшауланған және ашық болып бөлінеді.
Жабық әскери қалашықтарға өткізу жүйесі белгіленген әскери қалашықтар жатады.
Елді мекендерден тыс орналасқан әскери қалашықтар оқшауланған болып табылады.
Оқшауланған және жабық әскери қалашықтарға жатпайтын әскери қалашықтар ашық деп аталады.
Қарулы Күштердің жабық және оқшауланған әскери қалашықтарының тізбелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Қарулы Күштерде бейбіт және соғыс уақытында пайдаланылатын қызметтік-тұрғын үй қоры, коммуналдық құрылыстар мен жер учаскелері мемлекеттік меншік болып табылады. Олар міндетті есепке алынуға, дұрыс пайдалануға және ұқыпты ұсталуға тиіс.
Әскери қалашықтардың жылжымайтын мүлкін және бөлімдер мен бөлімшелерді орналастыру ерекшеліктерін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының бірінші басшылары айқындайды.
Бөлімнің барлық үй-жайлары мен аумағын бөлімшелер арасында әскери бөлім командирі бөледі.
Әрбір ротаны орналастыру үшін үй-жайлар жеке құрам үшін ұйықтайтын үй-жай (казарма, кубриктер), ақпараттық-тәрбие жұмысы және психологиялық оңалту бөлмесі, рота кеңсесі, взводтар командирлері мен сержанттарының бөлмесі, қару сақтауға арналған бөлме, қару тазалауға арналған орын, спорт сабақтарына арналған орын, тұрмыстық қызмет көрсету бөлмесі (орны) (шеберхана), рота мүлкі мен әскери қызметшілердің жеке заттарын сақтауға арналған қойма, киім-кешек пен аяқкиімді кептіруге арналған бөлме, душы бар жуынатын бөлме, аяқкиім тазалауға арналған орын, дәретхана көзделуге тиіс.
Әрбір батальон орналасқан жерде батальон командирі, батальон басқармасы, батальон штабы үшін бөлмелер бөлінеді.
Әскери бөлімде сабақ өткізу үшін қажетті сыныптар жабдықталады. Әрбір бөлімде жауынгерлік даңқ (тарих) бөлмесі (орны) жабдықталады және әскери бөлімнің (корабльдің) құрмет кітабы мен құрметті келушілер кітабы жүргізіледі. Жеке құрамды, сондай-ақ қарудың, оқ-дәрілер мен басқа да әскери мүліктің сақталуына бақылауды жүзеге асыру үшін жеке құрам орналасқан орындарда, тәуліктік наряд қызмет өткеретін орындарда, қару сақтауға арналған бөлмеге кіреберісте және оның ішінде бөлім бойынша кезекшіге шығарумен бейнеқадағалау жүйесі орнатылады.
Орындалатын міндеттердің ерекшеліктеріне сүйене отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары бірінші басшыларының шешімімен үй-жайлар құрамы мен оларды жабдықтау тәртібі өзгертілуі мүмкін.
Отбасылы әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерден тыс орналастырылады. Бойдақ әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерде мерзімді қызмет сарбаздарынан бөлек орналастырылуы мүмкін.
Бұл ретте әскери бөлім орналасқан жерде уақытша орналастырылған әскери қызметші әйелдер үшін ер адамдардан бөлек жеке ұйықтайтын үй-жайлар, сабақтарға дайындалуға, кеңестер өткізуге және демалуға арналған бөлмелер, душ және дәретханалар, сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету мен жуынуға арналған бөлмелер жабдықталады.
Әскери оқу орындарының офицерлер қатарынан тыңдаушылары оқу кезеңіне қызметтік тұрғын жайлармен қамтамасыз етіледі.
Ұйықтайтын үй-жайлардағы кереуеттер ротаның штаттық-лауазымдық тізіміне сәйкес жүйелілікпен орналастырылады және олардың әрқайсысының жанында немесе бірге қосылған екеуінің жанында кереует жанына қойылатын тумбочкаларға, табуреттерге (орындықтарға) орын қалатындай, ал кереуеттер қатарының арасында жеке құрамды сапқа тұрғызуға қажетті бос орын болатындай етіп орналастырылады; кереуеттер түзулігін сақтаумен сыртқы қабырғалардан елу сантиметрдей алыс орналастырылуы керек. Кереуеттер бірдей (стандартты) болуға тиіс.
Ұйықтайтын үй-жайлардағы кереуеттер бір немесе екі қабатты болып орналастырылуы мүмкін.
Әскери қызметші әйелдер кереуеттері бір қабатты болып орналастырылған ұйықтайтын үй-жайларда бөлек орналастырылады.
Жасаған ерліктері үшін немесе құрметті сарбаздар (матростар) ретінде рота, корабль, атаулы шекара бөлімшесі (атаулы шекара заставасы) тізіміне мәңгі енгізілген әскери қызметшілер үшін ұйықтайтын үй-жайда көрнекті жерде ұдайы үлгілі жағдайда ұсталатын кереует қойылады. Кереуеттің тұсына батырдың портреті және оның ерлігінің сипаттамасы ілінеді.
Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің фотоаппараттарды, аудио-, бейне-, радиоэлектрондық техника мен ұялы телефондарды сақтау және пайдалану тәртібі мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі заңнама талаптарымен айқындалады. Көрсетілген заттар ротаның қоймасында сақталады. Оларды сақтау тәртібіне, сақталуына, қабылдау мен беруге рота старшинасы (рота сержанты) немесе оны ауыстыратын адамдар жеке жауап береді.
Киім-кешектің барлық түрлерін сақтауға арналған орындар әскери қызметшілерге бекітіліп беріледі және оларда әскери қызметшінің әскери атағы, тегі мен аты-жөні көрсетілген жапсырмалармен белгіленеді. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің барлық киім-кешек мүлкі заттарында олардың әскери билетінің нөмірін көрсете отырып тиісті таңба қойылады.
Киім-кешек пен белдік белбеулер ұйқыға жатар алдында мұқият және бірдей күйде табуретке (орындыққа) қойылады, аяқкиім кереуеттің аяқ жағына қойылады. Киім, іш киім және аяқкиім қажет кезде киім-кешек пен аяқкиімді кептіруге арналған бөлмелерде кептіріледі.
Техникалық дабылдама құралдарының жай-күйі үшін бөлімше командирі жауапты болады. Оны орнату және ақаусыз жай-күйде ұстау үшін бөлім бойынша бұйрықпен мамандар қатарынан пайдалану тобы тағайындалады.
Қаруды сақтауға арналған бөлме есігінің қарайтын көзшесі болуға және үй-жайдың ішіне қарай ашылуға (бір жаққа қарай жылжуға) тиіс. Темір торлы есік немесе жылжымалы темір торлы қабырға орнатуға рұқсат етіледі.
Оқшашарлар (оқшашарларға қосалқы ұңғылар), автоматтар, карабиндер, винтовкалар мен қол гранатаатқыштары, сондай-ақ сүңгі-пышақтар пирамидаларда, ал пистолеттер мен оқ-дәрілер құлыпқа жабылатын темір шкафтарда немесе жәшіктерде сақталады. Пирамидаларда шағын саперлік күректер, газтұмшалар, ал болат дулығалар пирамидалардың үстінде сақталады. Қару сақтауға арналған бөлмеде, сондай-ақ штаттық қарумен оптикалық көздеу және бақылау аспаптары сақталады және орналастырылады.
Оқу-жаттығу қаруы мен оқу-жаттығу оқ-дәрілері жауынгерліктен бөлек сақталуға тиіс. Жеке пирамида болмаған кезде оқу-жаттығу қаруын жауынгерлікпен бірге сақтауға рұқсат етіледі, бұл ретте оны сақтау орны «Оқу-жаттығу қаруы» деген жазумен белгіленеді және қоршаумен бөлінеді. Оқу-жаттығу пистолеттері бөлімше әскери қызметшілерінің жауынгерлік пистолеттерімен бірге сақталады. Оқу-жаттығу патрондары қару сақтауға арналған бөлмеде құлыпқа жабылатын және мөрленген жеке жәшікте сақталады.
Спорттық қару жауынгерлікпен бірге сақталады. Оны сақтау орны «Спорттық қару» деген жазумен белгіленеді. Спорттық қаруға патрондар жауынгерлік патрондармен бірге сақталады. Оқу-жаттығу, спорттық қаруды, оқу-жаттығу және спорттық патрондарды беру жауынгерлікті бергендей жүргізіледі. Оқ-дәрілерді оларды ұстау үшін жабдықталмаған шкафтар мен жәшіктерде сақтауға жол берілмейді.
Қырағылықты күшейту, жауынгерлік әзірлікті арттыру, шабуылдау қатері туындаған кезде және жедел жағдай өзгерген басқа да жағдайларда, сондай-ақ Мемлекеттік шекараны қорғауды (күзетуді) жүзеге асыратын және қамтамасыз ететін жеке орналасқан бөлімшелерде, айдауылдау және түзету мекемелері мен мемлекеттік объектілерді күзету бөлімшелерінде қару мен оқ-дәрілерді сақтау, беру тәртібі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен айқындалады.
Кезекші бөлімше тағайындалған қару мен пирамидаларды сақтауға арналған бөлменің кілттері осы бөлімшенің рота бойынша кезекшісінде болуға тиіс.
бөлімнің басқа да бөлімшелерінің қаруы мен пирамидаларын сақтауға арналған бөлменің кілттері әскери бөлім бойынша кезекшіде мөрленген пеналда сақталады. Осы кілттерді қажет кезде рота бойынша кезекшілер әскери бөлім командирінің немесе штаб бастығының нұсқауы бойынша, ал әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің әртүрлі дәрежелеріне келтірген кезде әскери бөлім бойынша кезекшінің рұқсатымен береді.
Қосалқы кілттер рота (бөлімше) командирінде мөрленген пеналда, құлыпқа жабылатын сейфте сақталады.
Қару сақтауға арналған бөлмеде материалдық құралдардың тізімдемесі ілінеді, оған осы бөлмеде бар пирамидалардың, шкафтардың, жәшіктердің, стенділердің, плакаттар мен басқа да мүліктердің саны енгізіледі. Тізімдемеде жәшіктердің, шкафтардың мүкәммалдық нөмірі мен олардың қандай мөрмен мөрленгені көрсетіледі.
Әрбір пирамидаға (шкафқа, жәшікке) жауапты адамның бөлімшесі, әскери атағы, тегі мен аты-жөні, пирамиданың (шкафтың, жәшіктің) нөмірі және ол мөрленетін мөрдің нөмірі көрсетілген жапсырма бекітіледі.
Пирамидада (шкафта, жәшікте) онда сақталатын қару мен мүліктің түрін және санын көрсете отырып тізімдеме ілінеді. Пирамиданың (шкафтың) әрбір ұясының қасына қарудың түрі мен нөмірі және газтұмшаның нөмірі, сондай-ақ олар бекітіліп берілген адамдардың әскери атағы, тегі мен аты-жөні көрсетілген жапсырма жапсырылуға (бекітілуге) тиіс.
Қару сақтауға арналған бөлмеде, пирамидаларда, шкафтарда, жәшіктерде бар барлық тізімдемелерге рота (бөлімше) командирі қол қояды.
Бір әскери бөлімнің бірнеше бөлімшесінің қаруы мен оқ-дәрілері бір бөлмеде сақталған жағдайда бөлім командирінің бұйрығымен қару мен оқ-дәрілерді орналастыру, сақтау және сақталуын қамтамасыз ету тәртібі үшін жауапты тағайындалады, ол бөлме мүлкінің тізімдемесіне де қол қояды.
Қару мен оқ-дәрілер сақтауға арналған бөлмелерді ашу тек бөлімше командирінің, әскери бөлім бойынша кезекшінің және бөлімше бойынша кезекшінің қатысуымен жүргізіледі. Көрсетілген адамдардың біреуі болмаған жағдайда ашу әскери бөлім командирінің жеке рұқсатымен жүргізіледі.
Бөлімді (бөлімшені) жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде рота (бөлімше) бойынша кезекші қару сақтауға арналған бөлмені, қару мен оқ-дәрілерді беруді жеке өзі жүргізеді.
Қару сақтауға арналған бөлмеде басқа да мүлікті сақтауға жол берілмейді.
Батальонның келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің жеке қаруы бар шкафтың және патрондары бар жәшіктердің кілттері бөлімше командирінде, ол болмаған кезде – рота старшинасында (рота сержантында) сақталады, ол қызметтен кеткен кезде бөлім бойынша кезекшіге мөрленген пеналда тапсырылады, ал әскери бөлім басқармасы мен қызметтерінің әскери қызметшілерінің әскери бөлім бойынша кезекшісінде сақталады. Олардың қосалқы кілттері әскери бөлім штабының бастығында металл сейфте сақталады. Пистолеттер мен оларға патрондарды беру және қабылдау тәртібін әскери бөлім командирі белгілейді.
Қарауылдары бірнеше бөлімшелерден тағайындалатын әскери бөлімдерде қарауылдар үшін патрондарды әскери бөлім бойынша кезекшінің бөлмесінде сақтауға рұқсат етіледі.
Штаттан тыс қарумен қызмет атқаратын бөлімшелер оқ-дәрілерді қарумен бір уақытта әскери бөлім командирінің (штаб бастығының) шешімі бойынша басқа бөлімшеден алады.
Шеберханалар, парктер, наубайханалар, нан зауыттары, асханалар мен қазандықтар жанында, одан басқа жылы душ жабдықталуға тиіс, ал қол жуғыштар жанында сабын мен орамал болуға тиіс.
Жылытылатын үй-жайларда су құбыры болмаған кезде су құятын қол жуғыштар орнатылады, оларда су тәулік бойы болуға тиіс. Қол жуғыштарға таза су құяр алдында қалған суы төгіледі, қол жуғыштар тазартылады, кір су шығарылады және осыған арнайы бөлінген орынға төгіледі.
Киім-кешек пен аяқкиімді тазалау үшін жеке арнайы жабдықталған үй-жайлар немесе орындар бөлінеді. Ұйықтайтын үй-жайда аяқкиім тазалауға рұқсат етілмейді.
Жеке құрамның киім-кешегін шақтап тігу, киімі мен аяқкиімін жөндеу үшін әскери бөлім жанында арнайы шеберхана жабдықталады.
Келген буынның жеке заттары (киімі, аяқкиімі мен басқа да заттары) ретке келтіріледі, буылады және әскери бөлім оларды сәлемдемемен әскери қызметшілер көрсеткен мекенжайларға жолдайды.
Бөлім орналасқан жерден тыс тұратын ротаның барлық әскери қызметшілерінің мекенжайлары, телефондары мен әрқайсысын шақыру тәсілі көрсетілген атаулы тізімдер болуға тиіс. Бұл тізімдер рота кеңсесінде және рота бойынша кезекшіде болады. Бөлім басқармасының әскери қызметшілеріне осындай тізімдер бөлім бойынша (бөлім штабы бойынша) кезекшіде болуға тиіс.
Түркістан қаласында әскери кәсіп пен әскери қызметтің қоғамда беделін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқарылуда.