Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арасында газ және газ мотор отыны саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды. Басқосуға қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов және ұлттық компанияның басқарма төрағасының орынбасары Акбар Төлегенов және өзге де жауаптылар қатысты.
Алдағы уақытта меморандум негізінде компания бөлінген жер учаскелеріне автомобильдік газ толтыруға арналған 3 компрессорлық станциялар салуды жоспарлап отыр.
Бұл өз кезегінде қаладағы сұйытылған газбен жүретін қоғамдық көліктер мен барлық коммуналдық техниканы сұйытылған газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Шымкентте сұйытылған газ тапшы екенін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов растады. Бұл мәселені шешу үшін әкімдік министрлікпен бірлесіп жұмыс істеп жатыр екен Жалпы, заң бойынша газды шектік баға 58-60 теңгемен сату үшін әр айда арнайы квота беріледі. Мәселен, сәуір айында қалаға 6,5 мың тонна квота бөлінген. Мақсұт Исаховтың айтуынша, газбен қатынайтын көліктердің 22 пайызға артуына байланысты бұл үшінші мегаполиске жетпей жатыр.
«Біз қазір осы сәуір айынан бастап, квотаны 1000 тоннаға көбейту жөнінде Энергетика министрлігімен жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінгі таңда 360 тоннаға көбейтті. Ол Павлодар зауытынан шығып, бізге келе жатыр. Сонымен қатар, 8 сәуірден бастап Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты жұмысын бастайды. Негізі жөндеу жұмыстары 15-іне аяқталу керек болған, бірақ олар елдегі жағдайға байланысты мерзімінен бұрын аяқтап отыр»
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде Шымкенттегі 8 компанияның сұйытылған газы 76 газ құю бекетінде шектеусіз сатылып жатыр. Ал 6 компания, яғни 55 бекетте арнайы талонмен беріледі. Сондықтан үшінші мегпаолисте мүлде газ жоқ деп айтуға болмайды. Яғни, 50 пайыз станцияларда ғана тапшылық байқалады.