Халықаралық студенттер күніне орай, Шымкент университетінде «Денсаулық – зор байлық» атты ұлттық спорттың бес түрінен университет аралық спартакиада өтті. Студенттердің басын қосқан дүбірлі додаға Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Жұмабек Тәшенов университеті, Аграрлық-техникалық колледж, «Авимед» көпсалалы колледждің студенттері қатысты.
– Шымкент университетінің басшылығымен ұйымдастырылған университет аралық спартакиадада ләңгі тебу, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, қол күрес, кір тасын көтеру ойындарынан жеті команда бақ сынады. Ұлттық ойындарымызды дәріптеу арқылы студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту және олардың спортқа деген қызығушылығын арттырғымыз келді, – деді Шымкент университетінің дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Мәжит Рүстемов.
Үміткерлердің арасында сайыстарда еліміздің Туын желбіретіп жүрген жастар да бар. Солардың бірі – Нұрболат Ергеш. Ол кір тасын көтеруден төрт дүркін әлем чемпионы атанған.
–Бала күнімен спортқа бейім болып өстім. Әр түрлі ойындарға қатысып, жеңімпаз атанған кездерім көп. Соның ішінен кір тасын көтеру жаныма жақын болғандықтан, тек осы спорт түрімен айналысып келе жатқаныма жеті жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында Литва, Сервия, Будапешт, Өзбекстан мемлекеттеріне барып, бірінші орынды иемденгенмін. Бұрын он минутта кір тасын жетпіс мәрте көтерсем, бүгін 100 мәрте көтеріп, рекордты жаңартамын, – деді Шымкент университетінің студенті Нұрболат Ергеш.
Спартакиада кешке дейін жалғасады. Жеңімпаздар арнайы марапатталатын болады.
«Шымкент келбеті»
Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.