Шымкент қаласының Абай ауданында 2022 жылы егіс көлемі 15,8 мың гектарға жетті.
2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,8 мың гектарға артса, егіс көлемінен 42 мың тонна өнім жиналды. Атап айтқанда, 6,4 мың га дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері), 2,5 мың га майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс), 1,6 мың га көкөніс пен бақша, 0,9 мың га картоп егіліп, 4,4 мың га аумаққа жоңышқа себілген.
Қалалық ауыл шарушылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, өткен жылы өнімділікті арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылған. Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына – 122 146,0 мың теңге, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға – 20 480,0 мың теңге, пестицидтердің, биоагенттердің құнын субсидиялауға 600,0 мың теңге бөлінген.
2022 жылы аудан аумағында орналасқан шаруа қожалықтар мен өндірістік кооператив мүшелері мемлекеттік қолдау шарасын тиімді пайдаланып, тиісті нәтижелерге қол жеткізді.
Айта кетейік, аудан аумағы көктемгі дала жұмыстарында 100% ауыл шаруашылығы техникаларымен (тракторлар, тұқым сепкіштер, жер қопсытқыштар, топырақ өңдейтін агрегаттар) қамтылды. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен ауданда жалпы өнім көлемі 21 млрд теңгені құрады.