А.Жұмағали: Әр мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіну қажет

Бүгінгі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептерді жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауда.

Осы ретте, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қала әкімі аппаратының, сонымен қатар қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесуге Департамент басшысы А.Жұмағали мен оның орынбасарлары Т.Серікбаев, Б.Ұзынжас және қала әкімінің орынбасары М.Исахов, әкім аппаратының басшысы Е.Әлімқұлов, әкімдік қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы басқармасының ұжымы қатысты.

Онлайн шара барысында қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекші маманына қатысты сотқа дейінгі тергеу шеңберінде ҚР ҚПК 200-бабы тәртібінде ұсыну қаралды.

«Біз шенеуніктерді отырғызудан ұзақ мерзімді нәтиже болмайтынына сенімдіміз. Сондықтан біз сыбайлас жемқорлықтың себептерін, яғни олардың алғышарттарын бірлескен шаралармен жоюымыз қажет және осы мақсатта бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз» – деді Департамент басшысы Асхат Жұмағали.

Аталған мемлекеттік қызметші төтенше жағдай кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сатушысынан базар аумағына кіргізген әрбір ет өнімі үшін заңсыз ақшалай сыйақы алып отырған.

Одан бөлек, ол тұрғынның шынжыр табанды трактор техникасын тіркеу үшін және ауыл шаруашылық техникасын жүргізу куәлігін ауыстыруға осы басқарманың бас маманы арқылы ықпал етіп, өзінің әрекеті үшін 50 мың теңге көлемінде ақша қаражатын алған деп күдіктелуде. Тергеу барысында ол жасаған қылмыстық құқықбұзушылық әрекетін толығымен мойындаған. 

Шара барысында Департамент басшысы Асхат Жұмағали әр мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіну қажеттігін айтып, заңбұзушылықтардың алдын алмаған тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынды. Қылмыс жасаған жетекші маман мен заң бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен бас маманды теріс себептермен жұмыстан шығару,  олардың тікелей басшыларын жұмыстан босатуға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізілді.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары М.Исахов айтылған ұсыныстарды қолдап, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Сонымен қатар, іс-шарада еңбек ұжымдарында парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік құндылықтарын енгізуге баса назар аударылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған