Жергілікті атқарушы органдардағы партия мүшелеріне, өкілдерімізге мәселені жасырғаннан гөрі жедел шешкен тиімді. Халықпен тікелей жұмыс істеп, олардың талап-тілегіне дер кезінде үн қату арқылы мемлекет ісі дамиды. Бүгін бұл туралы «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев мәлім етті. Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне ағымдағы жылдың 8 айында 5204 арыз-шағым түскен. Оның 2747-сі яғни 52 пайызы оңтайлы шешіліп, 2289 өтінішке заң аясында кеңестер берілген. Ал 168 өтініш бүгінде қаралу үстінде екен.
«Халықтан түскен 5204 арыз-шағымды талдай келе, облыс тұрғындарын төмендегідей мәселелердің мазалайтындығын анықтадық. 2148 немесе 41,2 пайызы – әлеуметтік көмекке мұқтаждық бойынша, 1629 немесе 31,3 пайызы – тұрғын үйге және жерге мұқтаждық, 454 немесе 8,8 пайызы жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару, еңбек ақы өндіру мәселесі бойынша көтерілген», — деді Бейсенбай Дәулетұлы. Бұл шағымдарды аймақтарға бөлгенде Келес, Ордабасы, Жетісай аудандарының тұрғындары жиі шағымданатынын байқауға болады. Демек, бүгінде облыста әлеуметтік жағдайдың төмендігі, тұрғын үй және жұмысқа орналасу мәселелер өте өзекті болып тұр.
«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары бірінші кезекте осы бағыттарда проблемаларды жүйелі түрде шешу үшін жергілікті әкімдіктермен, тиісті басқармалармен жоспар түзіліп, нақты жұмыстар жүргізетінін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, ол жолдауда айтылған барлық елдің өтініш-тілектерін тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін де екі бағытта жұмыс жүргізілетін айтты.