Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы ең алдымен ауданындағы «Отан Ана» шаруа қожалығының дала жұмыстарымен танысты. Мұндағы диқандар жоңышқа, дәнді жүгері, қарбыз және басқа да көкөністерді егумен айналысады. Достық ауылында орналасқан шаруа қожалығы 73,9 гектар алқапта орналасқан. Шаруалар соңғы жылдары кеңінен қолданатын тамшылап суару әдісінің тиімділігін көруде.
Соның арқасында, табыс көлемінің де артып отырғанын айтады. Алдағы уақытта, шаруалар жылына 3 рет өнім жинауды жоспарлауда. «Табыстың ұлғайғаны жақсы. Бірақ көлемін арттырып алғанға дейін сақтайтын жерді де ойластырған жөн. Қойма санын көбейту керек», деді Өмірзақ Естайұлы шаруа қожалықтарының иелеріне. Биылғы жылдың тамыз айындағы көрсеткіш бойынша, жалпы Мақтаарал ауданы бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің көлемі 8028 млн. теңгені құраған. Облыс басшысы Мақтаарал ауданын дамыту мақсатында іске асырылып жатқан жобалардың жүзеге асырылуын да тексерді. Ауданды көріктендіру мен абаттандыру жұмыстары да басты назарда. Мырзакент кентіндегі орталық саябақта, Даңқ гүлзарында қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Орталық «Мәдениет үйі» күрделі жөндеуден өтуде. Өмірзақ Естайұлы құрылыс жұмыстары барысында канализация мен газ құбырын жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Бұдан кейін аймақ басшысы шитті мақтаны тасымалдауға арналған «2ПТСХ-10-45» модельді трактор тіркемесінің өндірісінде болды. Өндіріс орны автотұрақ, әкімшілік ғимараты, таразы және қойма, техникалық қызмет көрсету орталығы мен қосалқы бөлшектер қоймасымен жабдықталған.