Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Таскен шағын ауданындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Байсал, Қызан, Сандуғаш, Айнабекұлы, Кемел, Қырмызы және №1, №2, №3 аты жоқ көшелердің жалпы ұзындығы 4,6 шақырымды құрайды.
Қаратау ауданы – Қазақстанның Шымкент қаласының әкімшілік-аумақтық бірлігі. 2014 жылы құрылған. Аудан атын атақты ақын, жазушы, қоғам қайраткері Мархабат Байғұт ұсынды.
Қаратау ауданына 28-ден астам елді мекендер мен шағын аудандар енгізілген. Қаратау ауданы «Азат», «Ақжайық», «Асар», «Бозарық», «Достық». «Достық-2». «Қайнар бұлақ». «Қайтпас», «Қызылсай», «Мәртөбе», «Мирас» (жартылай), «Нұрсәт», «Нұртас», «Орманшы», «Өтеміс», «Сайрам», «Тәжірибе бекеті», «Таскен», «Тассай», «Тұран», «Шапырашты» шағын аудандары мен тұрғын алаптарын біріктірді.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов аты аталған көшелердің құрылыс басында болып, жұмыстың жай-күйімен танысты. Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекеме басшыларына стандартттық ережеге сай сапалы жұмыс істеуді тапсырды деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, жалпы жыл соңына дейін Таскен шағын ауданында 7,9 шақырымды құрайтын 16 көше орташа жөндеуден өтеді.
Биыл жалпы қаламыздағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында шаһар аумағында 243 нысан, яғни 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы қаламыздың жол инфрақұрылымын дамытып, сапасын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген.
Атқарылып жатқан жұмыстар жоғарыда аталған іс-шара аясында іске асырылуда.
Жол құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жыл соңында 71,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.
Бас жоспарға сәйкес, қала орталығынан шалғай орналасқан шағын аудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелеріне басымдылық берілуде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі