Бүгін, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Арыс қаласына болып қайтты. Өзі басқаратын өңірге тапсырылған аумақтағы құрылыс барысымен танысуға арнайы келген ол Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге тұрғындармен кездесу өткізді.
Арыстағы көпқабатты үйлердің тұрғындары құрылысты жедел жүргізіп жатқан қарағандылық ағайынға ризашылықтарын білдірді. Жалпы Қарағанды облысына №5 сектордағы 11 көпқабатты үй (519 пәтер) мен 72 жеке үйдің жөндеу жұмыстары тапсырылған. Дәлірек айтсақ, шатырлары мен терезелері ауыстырылып, өзге де жұмыстар атқарылады.
Бұл сектордағы ең көп зардап шеккен нысанның бірі – С.Қожанов атындағы 1200 орындық мектеп. Бұл білім ұясында жұмыстар талапқа сай атқарылып жатыр. Мектепке барып, ұстаздар қауымымен кездескен Ерлан Қошанов жұмысты уақтылы аяқтайтынын айтты. Мектеп ұжымына спорттық құрылғыларды сыйға тартты.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы бизнес өкілдерін Арыс қаласында төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетіп, мүмкіндігінше көмек беруге шақырып отыр.