Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады. Ал үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» дейтін төртінші аптада ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.
Қаратау ауданының тұрғындары жалпықалалық #TazaShym тазалық шарасына атсалысу үшін Т.Назарбеков атындағы аллея маңына жиналды. Аудан тұрғындары мен белсенді жастар Т.Назарбеков аллеясының аумағына, Ж.Шаяхметов көшесі мен Н.Назарбаев даңғылының бойына және «Нұрсәт» шағын ауданында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық аумағында қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі іс-шараға қоғам белсенділері, жастар, еріктілер үлес қосып жатыр. Мен барлық замандастарымды Президент бастамасын қолдап, белсенді атсалысуға және қаланың дамуына үлес қосуға шақырамын, – дейді Қаратау аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Бекарыс Бахадыр.
Іс-шараға тұрғындармен бірге танымал айтыскер ақын Б.Байтуов, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары П.Есенбеков бастаған қариялар, белсенді жастар қатысты. Аға буын өкілдері жастарға үлгі көрсетіп, бата берді.
Айта кетейік, Қаратау ауданы бойынша #TazaShym шарасына 500-ден астам адам қатысып, 18 арнайы техника жұмылдырылып отыр. Ауданға қарасты барлық аяқ жолдар тазаланып, 280 дана ағаш әктелді. Сонымен қатар, 40 орындық сырланды. Жалпы, аудан аумағынан 28 текше метр қоқыс шығарылып, жол бойындағы ирригациялық жүйелер тазаланды.
«Шымкент келбеті»
Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.