САПАҒА МӘН БЕРЕТІН УАҚЫТ КЕЛДІ

BERLIN, GERMANY – APR 27, 2018: New modern Airbus A350 XWB passenger plane on display at the Berlin ILA Air Show.

Алматыдан таңғы сағат жетілер шамасында 93 жолаушысымен бірге Нұр-Сұлтан қаласына аспан арқылы ұшу кезінде «Bek Air» компаниясының «Fokker-100» ұшағы жақын маңдағы бос үйлердің біріне құлаған болатын. 27 желтоқсандағы қайғылы жағдайдың нәтижесінде 15 адам қайтыс болып, 9-ы ауыр жарақаттанып, 50-ге жуық азамат түрлі жарақат алып, Алматы ауруханаларына жеткізілген. Құлаған ұшақтың «қара жәшігі» тексеріске жіберілді.

Апат айтып келмейді. Осы күнге дейін ескірген әуе кемелерімен ұшып жүргендердің талайын Құдай сақтап, көп адамдар аман-сау жүр. Ескі ұшақтарға мініп көргендер өз бағасын беріп те жүрді. Кешегі апатта 93 жолаушының 15-і апатта көз жұмды. Бұны ескерту деп қарауымыз керек. Әрине, Алланың қалауымен болатын қайғылы жағдайларда еш шарамыз жоқ. Ал, адамдардың өз қолымен жасап отырған қателіктерінің кесірінен болған апаттарда қанжылаймыз, қынжыламыз да. Сақтанғанды Құдай сақтайды. Кешегі қайғылы оқиғада ұшақтың командирі 1962 жылы туылған Марат Мұратбаев та қайғылы оқиға орнында мерт болған.

Мәліметтерге сүйенсек, ұшақ әуеге көтерілу кезінде құлаған. Енді әуелеген ұшақ қажетті жылдамдықты ала бастайды (ескірген приборлар солай көрсетуі мүмкін), кейіннен доңғалақтары екі рет жерге тиген. Мамандардың айтуынша, ұшақтың доңғалағы бір рет жерге тиген кезінен бастап тоқтатуға әрекет жасау керек еді. Алайда ұшақтың жылдамдық алуына арналған жолдың бітіп, тоқтатуға мүмкіндіктің болмай қалуын да ескеру керек, – деп отыр.

Ресейлік әуе мамандарының бірі: Бүгінгі жағдайда әуе кемесінің командирлерінің қателігі де болуы мүмкін. Ескірген ұшақтың приборлары жылдамдықты дұрыс көрсетпеген де болар. Және де ауа-райының қолайсыздығына және ұшаққа арналған салмақтың шамадан тыс болуына назар аудару керек… Ұшақтың қажетті жылдамдықты алмай жатып, әуеге көтерілуге әрекет жасағандары көрініп тұр, – дейді орыстың әуе мамандары.

2016 жылы 27 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында «Fokker-100» ұшағы апатқа ұшырап, 121 адам түрлі жарақат алған еді. Алматыдағы екінші рет қайталану қайғылы жағдайға алып келді.

Ал, әлемде «Fokker-100» ұшағының 16 данасы ірі апатқа ұшырап, жарамсыз болған. Сонау 1996 жылы Бразилияның Сан-Паулу қаласында «Fokker-100» ұшағы тұрғынды алқапқа құлап, нәтижесінде 95 адам және 4 әуе кемесінің экипажы мерт болған екен. Ұшақтың оң жақ қозғалтқышы істен шыққан.

1993 жылы Скопьеде «Fokker-100» ұшағының құлауынан 83 адамның өмірі қиылған. Ал, 2000-2014 жылдар аралығында бұл ұшақтардың ескіргендігінен апаттар көп орын ала бастаған.

Қазақстанда «Bek Air» әуе комапаниясының әзірге лицензиясы толық тоқтатылды. Алдағы уақытта ескірген ұшақтарды жиып алған және қызмет сапасына да назар салуды қойған компанияның аспан кемелері адам тасымалдауы елімізде екіталай. Бұл қайғылы оқиғадан кейін басқа да Қазақстандық әуе компаниялар қатаң бақылауға алынып отыр. Адам өміріне жауапкершілікпен қарап, еліміздегі әуе компанияларының басшылығы да осыдан сабақ алса деген үміт бар.

Кешегі апаттар қайталанбас үшін шет елдерден авиация саласының мықты мамандары шақыртылып жатыр. Қазірге Канада елінің әуе мамандары шақыртуға келісімдерін беріп отыр.

Негізі, «Bek Air» басшылығы үш жыл бұрын құйтырқы әрекетке барған екен. Әлемдік IOSA-ның (Халықаралық қауіпсіздік аудиті) аудиттік тексеруінен өтуден «Бекаэерлік» басшылық үзілді-кесілді бас тартқан. Бұл жағдайды: «…Тексеруге кететін 2,5 миллион доллар обал. Біздің ұшақтар басқа мемлекеттерге ұшпайды және өз елімізде қатынайтын болады. Қажетсіз шығындалудың қажеті шамалы…» деп, «Bek Air» «ақылдылары» осылай түсіндірген.

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам демекші, аудиттік тексеру бар-жоғы 65 мың АҚШ долларын құрайтын болып шыққан. Бұны еліміздегі «Air Astana» мен «Scat» әуе комапаниялары өз мәліметтерінде хабарлаған еді. Жарайды, сол айтылған 2,5 миллион көк қағаз кете қойсын. Адам өмірі үшін көп пе сонда?

Әрине, аудиттік тексеруден кейін «Bek Air»-дің ескіріп («Air Astana» ұшақтары да ескі), тозығы жете бастаған ұшақтарының барлығы жарамсыз деп танылуы әбден мүмкін еді. «Ұрының арты қуыс» деген осы.

Кешегі құлаған «Fokker-100» ұшағының 1997 жылы өндірістен алынып тасталғаны анықталды. Қысқа уақыттың ішінде «Fokker-100»-дің 283 данасы шығып үлгерген. Көп ұзамай менеджментінің дұрыс жасамауынан «Fokker-100» шығарушы әуе компаниясы банкротқа ұшыраған. Алматыда құлаған «Fokker-100» 1995 жылы жасалынған.

Жалпы, 2006 жылғы тексеру нәтижесінде «Fokker-100» ұшақтарының 229 данасы жарамды деп танылған. 2008 жылы «Bek Air» компаниясында осы әуе кемелердің 7-і және 47 елде қалғандары адам тасмалдауға жарамды деп танылған.

Атам қазақ «Арзанның сорпасы татымас» деген. Ата-бабаларымыз сапасыз, арзан затқа тіпті бет бұрып қарамаған. Сапалы дүниелердің қадірін біле білген. Керек болса «арзан» сөзін айтпаған деседі.

«Fokker-100» сынды ескі, арзан әуе кемелерін сатып алуды жөн санаған «Bek Air» компаниясының басшылықтары сол кезде үлкен қателік жасап отыр. Адам тағдырына қауіп төндіретін ескі-құсқы, сапасыз ұшақтарға сенім артудың арты қайғылы жағдайға алып келуі заңдылық. Бұл ескірген ұшақтар алысқа да ұша алмайтын болып тұр. Елімізде «Bek Air» билеттері де ең арзан деп сатылып жатады.

Болар іс болды. Арзан ұшақтарды бұдан былай елімізге алып келмеуге авиация саласында, бизнесінде жүргендер ескерсе, шіркін.

«Жаманды айтып, жақсыны тақап қой» дегендей, болашақта ескі, сапасыз ұшақтардан толық құтыламыз деген үміт жоқ емес. Барлық салада да сапаға қарай ұмтылатын уақыт жеткен секілді. Сапасыздық сіңіп тұрған білім, медицина және авияция саласында да сапалы мамандар тәрбиелеп шығаруды күшейту керекпіз.

Жақында жарияланған «zakon.kz» порталының мәліметтеріне сүйенсек, Нұрлан Жұмасұлтанов «Bek Air» әуе компаниясының негізін қалаушы болып отыр. Бұл туралы бүгінгі брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев хабарлама жасады. «Bek Air» компаниясының президенті ретінде әлеуметтік желілерде Нурлан Султан айтылып, тарап отыр. Бұл сұраққа Берік Камалиев: «…Ия, біз бұл туралы ақпараттарды естідік. Нурлан Султан қазір Қазақстанда тұрмайды… Жұмасұлтанов пен Султан екеуінің арасындағы азаматтық-құқықтың қарым-қатынасы жеке шаруалары болып келеді… » деп, брифингте жауап берді.

Бүгінгі күнге дейін «Bek Air» әуе компаниясында негізін қалаушы болып екі азамат айтылып келген. Жұмасұлтановтың қай кезден бастап жалғыз өзі компанияны қолына алғаны туралы мәлімет әзірге табылмай тұр. Және де Нұрлан Жұмасұлтанов 2019 жылға дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігінің әуе апаттары және жағдайларды тексеру басқармасын басқарғаны мәлім болды. Ресми мәліметтерде қол астындағы қызметкерінің қателігінен жұмыстан босап қалған көрінеді.

27-31 желтоқсан аралығында «Bek Air» әуе компаниясынан алынған әуе билеттері қайтарылатын болды. Билеттердің иелеріне ақшасы толық төленуі тиіс. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында қалып қалған жолаушылар әзірге билеттерін толық өткізе алмауда. Жалпы, осы аралықта 9032-ге жуық «Bek Air» әуе билеттері сатылған. Әзірге басқа әуе компанияларының жаңа рейстері арқылы адамдар үйлеріне жетуге мүмкіндік алмақ. Әуе компаниялардың тұрақты рейстерінде бос орындар жоқтың қасы. Қосымша көрші Украина, Ресей елдерінен келіп жатқан азаматтар да көп.

Ұшақ апатынан жарақат алған азаматтарға жоғары деңгейде Алматы қаласының №4-ші ауруханасында ота жасалып, дәрігерлердің бақылауына алынып, оңалу кезінде де жетік бақылауда болмақ. Тәжірибелі, білікті хирург мамандары ауыр жарақат алған азаматтарға келешекте де ота жасалуы мүмкін деп отыр.

Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің атынан Жеңісбек Мәуленқұлов ұшақ апатына ұшыраған отбасыларға көңіл айтты. Облысымыздың ақсақалдары өздерінің көңілдерін жылап білдіріп жатты. «Алла сабырлық, төзімділік берсін! «Тас түскен жеріне ауыр». Сіздер жалғыз емессіздер! Біз сіздермен біргеміз!» – дейді ардақты ақсақалдарымыз.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы жағдайға ұшыраған азаматтардың жақындарына көңіл айтып, 28 желтоқсан күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Және де ұшақ апатында қаза болған азаматтардың отбасыларына 4 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетуді Үкіметке бұйырды.

Мемлекет басшысы Алматы маңындағы ұшақ апатына байланысты «Ақорда» резиденциясында кеңес өткізді. Мемлекет басшысы кеңес барысында:

– Ұшақ апатына соқтырған себептерді сапалы әрі объективті түрде тексеруге;
– «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамын білікті мамандармен қамту жұмыстарын толық аяқтау шараларын қабылдауға;

– Қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компанияларының жұмыстары мен авиациялық инфрақұрылым нысандарын тексеруге тапсырма берді.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатына соқтырған себептерді анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, сондай-ақ, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды тапсырды.

А.Түйетаев

Banner Content

0 Comments

Leave a Comment

This is a Sidebar position. Add your widgets in this position using Default Sidebar or a custom sidebar.