Ауылда тұрған кезде әпке-бауырлардай болып кеткен, күйеуімді жезде деп сыйласып жүретін бір інім көңілімді су еткендей етіп, амандспай, дәл қасымнан қас-қайып өте шыққанда, созуға ұмтылған қолымды қайда қоярымды білмей, сасып қалдым. Жанымдғы құрбыма сасқанымнан: «Қатты өзгеріп кеткенмін бе, Бақытбек танымады ғой?» — деп сұрадым. Сөйтсем гәп менде емес екен. Ол інім қорасы толған ірі-ұсақты мал, тұрмысы бақуат. Адаммен амандасып, сөйлесуден қалған сол көшенің байы екен. Тіпті дәулеті өзінен төмендерді адам деп есептемейтінін жасырмайтын көрінеді. Кері қайтып келе жатқанда алдымыздн тағы да шықты. Алғаш танымай қалған шығар, не дегенмен он шақты жыл өтіп қалды ғой. Амандасып, танымастан өтіп кеткені үшін кешірім сұрар деген ішкі үмітім ақталмады. Тұмсығын көкке көтеріп, өте шықты. Дүние, байлық деген қолдыың кірі емес пе? Көкірегін керіп жүргеніне қарай үстіне киіп алған киімі де соған лайық болса ғой. Жоғары білімді, оқыған адам деп айтуға келмейді. Бұл да болса қарапайымдылықтың белгісі дейін десең, мәдениетсіздігі әлгіндей. АУылдың адамдары түгел дерлік таниды және кездескен жерде амандық сұрасып жүреді. Тіпті бейтаныс жандарға да «саламатсыз ба?» деп өтеді. Әлгі менің інім жанымдағы құрбыма-жеңгесіне де сәлемін қимады ғой. «Біз үйреніп кеткенбіз. Оны адам деп есептемейміз. Оның бар ойы қорасындағы малын қайтсем көбейте түссем екен деген араман ғой. Киіп алған киімін көрмейсің бе? Бір қойын сатып, өзіне кстюм-шалбар алуға қимайтынына бәс тігем» — дейді құрбым.
Байлық, дүние әркімге несібесіне қарай бітіп жатады. Малдан дәулет жинаған адамның мінез-құлқында жабайы мінез-құлық қалыптасама деп ойлап қалдым. Әйтпесе айналдырған он шақты жылдың ішінде ашық мінезді, үнемі қалжыңдасып жүретін жігіттің осылай «құлдырап» кетуі мүмкін бе? Мен мұны «құлдырау» деп айтамын. Өйткені байлық, дүние, мал адам баласының білім, мәдениет, өмір деңгейін көтеруге жұмсалуы керек емес пе? Өзіндегі дүниенің өзгеніңкінен артық екенін есептеп, басқалардан оңашалаудың, тұрмысы төмендерді менсінбей қарап, қол беріп амандасудан арланып, аспандап жүрудің ешбір абырой әпермесін түсінген абзал.
«Дүние қолдың кірі» деген сөз босқа айтылмаған болар. Алланың берген бағын, байлығын дұрыс көтере білген жөн. Өзіберген байлығын, өзі бір-ақ сәтте алып қоямын десе бір Алланың қолында. Оған ешбір көкірек те, мансап та кедергі бола алмайды.
Әсем ӘМІРЕЕВА