Шымкент қаласында заманауи талаптарға сай үстел теннисі орталығы салтанатты түрде ашылды.
Жаңа нысанның құрылысы 2022 жылдың қазан айында аяқталған болатын. Құрылыстың жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Қазіргі таңда орталық Шымкент қаласының үстел теннисі федерациясына қарасты.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов жаңа нысанның лентасын қиып, орталықтың мүмкіндігімен танысты. Сондай-ақ, спорт кешенінің ашылуына орай, үстел теннисінен «SHYMKENT CUP» республикалық ашық турнирі басталды.
– Шымкентте спорттық инфрақұрылымның жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Бүгін, міне, жоспарға сай әлеуетті теннис орталығы ашылып отыр. Бұл нысан қалада бұқаралық спорттың дамуына өз септігін тигізеді. Шаһарда үстел теннисімен жалпы 2000-ға жуық спортшы шұғылданады. Ал бірінші республикалық ашық турнир дәстүрге айналып, ауқымы кеңейе беруіне тілектеспіз. Бүгінгі жарыста тек мықтылар жеңсін!, – деді қала әкімі.
26-29 қаңтар аралығына жоспарланған республикалық турнирге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжаннан және еліміздің өңірлерінен 230-дан астам спортшы келген. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 5 700 000 теңге.