Шымкент қаласы әкімдігі жанынан күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарын тұрақтандыру мақсатында арнайы штаб құрылып, қала аумағында орналасқан базарлар мен сауда желілеріндегі азық-түліктің бағаларына күнделікті талдау мониторингі жүргізілуде.
Талдау нәтижесі бойынша 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің ішінен картоп пен құмшекерде баға өсімі анықталған.
Сала мамандарының дерегінше картопты Павлодар мен Қарағанды қалаларынан, ал, құмшекерді Ресей мемлекетінен тасымалдануы баға өсімінің негізгі себебі болуда.
– Шымкент қаласында азық-түліктің бағасын негізсіз өсуін бақылау мақсатында қауырт желіні іске қосқалы тұрмыз. Егер тұрғындар тарапынан азық-түліктің бағасы өскені байқалса 24-74-24 және 24-74-23 желілеріне қоңырау шалып жағдайды хабарлай алады, — дейді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Б.Дүйсебеков.
Қалада азық-түлік бағасын тұрақтандырылуын бақылау мақсатында Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау ауданындағы кәсіпкерлік бөлімінің мамандары мен тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау саласының және ТЖД мамандары, жергілікті полиция қызметкерлерінен құралған мобилді топ жұмыс істеуде.